Доллар 600 теңгеге жете ме? Сүлейменов жауап берді

Доллар 600 теңгеге жете ме? Сүлейменов жауап берді
Фото: Midjourney

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов доллар бағамы 600 теңгеге жете ме деген сауалға жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ұлттық банк өкілі доллар бағамына қатысты жоспар жасамайтындарын мәлімдеді.

"Доллардың бағамын жоспарламаймыз және жарияламаймыз. Өйткені нарықтың күшімен сұраныс, ұсыныс бекітіледі. Сондықтан доллар бағамы қандай болатынына қатысты ешқандай жоспар жоқ", - деді ол.

Тимур Сүлейменов неліктен интервенция жасалғанын түсіндірді.

"Интервенция жасағанымыз - дүрбелең болмауы үшін апаттық іс-шара. Ақша айырбастау пункттері, банктер алдында адамдар тұрмауы үшін жасаған іс-шарамыз. Осындай апаттық жағдай қалыптаспаса, ешқандай интервенция жасамаймыз, интервенция жасауға ешқандай ниетіміз жоқ. Өйткені ол - біздің резервіміз. Оны нарыққа жұмсаудың қажеті жоқ. Нарық қалай жұмыс істейтінін көрейік, соған қарап, соған сүйеніп, тиісті шаралар қабылдаймыз", - дейді Сүлейменов.

Ұлттық банк төрағасы алтын резервіне қатысты да пікір білдірді.

"Алтын валюта резервіміз 44 жарым доллар болды. Интервенцияны есепке алғанда 1 миллиард долларға азайды. Сондықтан 43,5 миллиард доллар. Бұл - өте ауқымды, жақсы көлем", - деді ол брифингте.

Айта кетейік, кеше сағат 11:00-де Астанадағы ақша айырбастау орындарында доллар 513,20 теңгеге сатылып, 505,10 теңгеге сатып алынды. Кейбір айырбастаушылар АҚШ валютасын 515 теңгеден сатты.

Алматыда америкалық валюта 512,87 теңгеге сатылып, 507,50 теңгеге сатып алынды. Кейбір ақша айырбастау орындарында доллар 516-518 теңге аралығында сатылып жатыр.

Кейін Ұлттық банк доллар бағамына қатысты мәлімдеме жасап, жағдайды түсіндірген еді. 

Ұлттық банк мәліметінше, бірқатар фактор әсерінен теңгенің айырбас бағамы АҚШ долларына шаққанда 500 теңгеге жеткен.

Бүгін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені +/- 1 пайыздық тармақпен жылдық 15,25 пайыз деп белгілеу туралы шешім қабылдады. Шешім жаңартылған болжамдар мен инфляция балансын ескере отырып қабылданған.

Анықтама: базалық мөлшерлеме - коммерциялық банктерге Ұлттық банк қысқамерзімді несиелер беретін және коммерциялық банктерден депозиттер қабылдайтын пайыздық мөлшерлеме. Ол азаматтарға берілетін несиелер бойынша мөлшерлемелерді белгілеуде маңызды рөл атқарады, елдегі инфляция деңгейіне де әсер етеді. Қарапайым тілмен айтқанда, базалық мөлшерлеме - ел экономикасы мен банк секторы үшін негізгі бағыт. Оның мөлшерін Ұлттық банк белгілейді: арттыруы немесе төмендетуі мүмкін. Сонымен қатар базалық мөлшерлеме - елдің ақша-несие саясатының негізгі құралы.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова