Сенат кулуарында ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары доллар бағамына қатысты сұраққа жауап берді. Виталий Тутушкиннің сөзінше, доллардың өсуіне оның әлемдік нарықтарда нығаюы әсер етіп отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Бізде еркін айналымдағы курс режимі бар, курс динамикасы бойынша болжам жасамаймыз. Жалпы, 500 - жай ғана сан, оған байланудың қажеті жоқ. Бүгін 500, ертең 600, курс шетел валютасына сұраныс пен ұсыныстың арақатынасына қарай қалыптасады", - деді В.Тутушкин.
Сондай-ақ Тутушкин доллардың өсуінің негізгі факторы оның әлемдік нарықтарда нығаюы екенін атап өтті.
"Доллар дамушы және дамыған елдердегі барлық валюталарға қатысты нығайып келеді. Егер теңге мен еуроның арақатынасын қарастыратын болсақ, онда жағдай анағұрлым тұрақты", - деді спикер.
Бүгін Астана мен Алматы қалаларындағы ақша айырбастау пункттерінде доллар 494-499 теңге аралығында сатылып жатыр.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!