- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- доллар бағамы
Доллар 500 теңгеге жетті: қазақстандықтарды не күтіп тұр?
Қазақстанда доллар бағамы алғаш рет 500 теңгеге жетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Теңге неге әлсіреп жатыр?
Қаржылық сарапшы Арман Бейсембаев Tengrinews.kz-ке неліктен теңге әлсіреп жатқанын айтты.
"Ерте ме, кеш пе, теңге өзінің тұрақты құнсыздану үрдісіне қайта оралады. Әлсіз ұлттық валюта, керісінше, шикізат экономикасы үшін тиімді. Бағам неғұрлым әлсіз болса, біз бір долларға соғұрлым көп теңге аламыз, бұл бюджет үшін пайдалы", - дейді экономист.
Ол экспортқа бағдарланған экономика жағдайында әлсіз валюта өнімді халықаралық нарықтарда арзанырақ етуге мүмкіндік беретінін, бұл оның бәсекеге қабілеттілігін жақсартатынын түсіндірді. Алайда халық үшін бұл импорттық тауарлардың қымбаттауына байланысты бағаның өсуін білдіреді.
Экономист Айдар Әлібаев ұлттық валютаның әлсіреуі бірнеше күн бұрын әлсірей бастаған рубльге тікелей байланысты деп санайды.
"Біздің елімізде өзіндік өндіріс болмағандықтан, қосылған құн жоқ, осылайша, біздің валютамызды толықтыратын ештеңе жоқ, теңге әрқашан долларға, еуроға, мұнайға, рубльге байланысты болады. Біз Ұлттық қордан алатын 5,6 триллионға жақындап келеміз. Оған қоса, біз БЖЗҚ-дан ақша аламыз", - деп есептейді қазақстандық экономист.
Ұлттық банк араласуы мүмкін бе?
Арман Бейсембаев Қазақстан Ұлттық банкінің валюта бағамының тұрақтылығын сақтаудағы және оның күрт құнсыздануын болдырмаудағы шешуші рөлін атап өтті.
"Әркез бағам 496 теңгеге жақындай бергенде Ұлттық банк әрекет ететін. Қазан айының басында және өткен аптада араласулар болды. Ұлттық банк қатаң әрекет етуге және қажет болған жағдайда нақты араласуға дайын екенін айтты. Бұл теңгенің күрт және бақыланбайтын құнсыздануы Ұлттық банкке де, үкіметке де тиімді емес екенін көрсетеді. Сондықтан егер жағдай бақылаудан шыға бастаса, Ұлттық банк араласуы мүмкін", - деп атап өтті Бейсембаев.
Алайда оның айтуынша, доллар бағамының 500 теңгеге жетуі Ұлттық Банктің бағамның өз бетінше қалыптасуына мүмкіндік бергенін немесе уақытша араласпай отырғанын көрсетуі мүмкін.
"Егер Ұлттық банк араласса, біз алдағы 2-3 күнде теңге бағамының күрт нығаюын көре аламыз. Бірақ мұның ықтималдығы - 50/50. Олар курстың одан әрі әлсіреуіне мүмкіндік беруі де мүмкін", - деп қосты ол.
Қазақстандықтарды не күтіп тұр?
Арман Бейсембаев доллардың 500 теңгеден жоғары болуы экономика үшін айтарлықтай әсер етпейтінін, керісінше, оның қазіргі құрылымын көрсететінін атап өтті. Дегенмен бұл импорттық тауарлардың қымбаттауы арқылы инфляцияны күшейтеді.
"Бағаның өсуі бола ма? Егер бағамның әлсіреуі импорттық тауарларды қымбаттатса, баға өседі. Алайда бюджет одан кірісті ұлғайту арқылы пайда көреді. Бұл зейнетақыны, жәрдемақыны және жалақыны индекстеуге мүмкіндік береді", - деп түсіндірді ол.
Экономистің пікірінше, теңгенің ұзақ мерзімді нығаюы екіталай. Шикізат экспортына негізделген Қазақстан экономикасы халықаралық нарықтарда бәсекеге қабілеттілік үшін әлсіз валютаға мұқтаж. Алайда курстың әлсіреуі күрт секірусіз, біртіндеп жүруі керек.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан қаржыгерлер ассоциациясы алдағы жылы доллар құны 507,1 теңгеге дейін жетуі мүмкін екенін айтқан болатын.
Оған дейін Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Мәжіліс кулуарында "доллар бағамы тағы өсе ме?" деген сауалға жауап берген болатын.
"Біріншіден, біздің экономикамыз мұнайға қатты тәуелді. Мұнай нарығында тұрақсыздық болып жатыр. Кейінгі апталарда мұнай барреліне 80 доллардан 71,5 долларға дейін төмендеді. Бұл біздің ұлттық валютамызға әсер етпеуі мүмкін емес.
Екіншіден, қазақстандық заңды тұлғалар тарапынан сұраныс жоғары екенін көріп отырмыз. Бұл көбіне бюджет қаражаты есебінен немесе квазимемлекеттік сектордың қаражаты есебінен қаржыландырылатын инвестициялық жобаларды жүзеге асырумен байланысты. Бізде жыл басында бюджеттік процесс қызық жүзеге асады. ...Төртінші тоқсанда валютаға сұраныс жоғары екенін байқап отырмыз", - деді ол.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
А. Жапатова