- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Діни экстремизм мен...
Діни экстремизм мен радикализмнің алдын алу бойынша семинар-тренинг өтті
Қазақстан Республикасы Қоғамдық даму министрлігінің Қоғамдық келісім комитеті Қазақстан Республикасы терроризмге қарсы орталығымен бірлесіп 2018 жылғы 22 қарашада "Діни экстремизм мен радикализмнің алдын алу бойынша, сондай-ақ мемлекеттің зайырлылық қағидаттарын ңығайту жөніндегі жұмыстарға тартылатын мамандардың біліктілігін арттыру: Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимылдарға байланысты мәселелерді БАҚ-та жариялау ерекшеліктері" атты семинар-тренинг өткізді.
Министрліктің баспасөз қызметі хабарлағандай, мұндай семинар тренинг өткізудің маңызы жоғары. Негізінен аталған іс-шараның мақсаты - дін мәселелері бойынша мемлекеттік саясатты іске асырудағы басымдықтарды айқындау және ұсыныстар қалыптастыру, сондай-ақ дін саласы туралы тұрғындарды ақпараттандыру бойынша өзара пікір және тәжірибе алмасу болып табылады. Сондай-ақ журналистерді және БАҚ өкілдерін діни экстремизмнің алдын алудағы БАҚ қызметінің тиімділігін арттыру бағытындағы жаңа трендтер және әдістермен таныстыру, деструктивті діни ағымдарға қарсы иммунитет қалыптастыру, сондай-ақ орталық және өңірлік мемлекеттік органдардың БАҚ-пен өзара іс-қимылын жақсарту.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев "Қазақстан-2050" стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты" атты жолдауында түрлі әлеуметтік, этникалық және діни топтардың келісімі мен татулығына баса мән берген еді. Бұл тақырыпта сөз қозғау, қоғамға ой тастау, түрлі алдын алу шараларын өткізу - әлі күнге дейін маңызды.
- Біз жаһандық қауіпсіздікті нығайту ісінде маңызды роль атқарамыз, халықаралық терроризмге, экстремизмге және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күресте әлемдік қауымдастықты қолдаймыз.
Біз діни радикализм мен экстремизмнің пайда болуын бейтараптандыру мақсатында заңдарымызды жетілдіруіміз керек. Біз терроризмге қарсы заңдарды да жетілдіруге тиіспіз. Мемлекет қайдан бой көтерсе де, радикализм мен экстремизмнің жолын кесу керек, - деген болатын.
2013 жылдан бастап елімізде діни экстремизм мен терроризм идеологиясын таратудың себептері мен жағдайларын жою және атаулы ақпараттық түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру жөнінде 202 комиссия жұмыс істейді.
Мәлімделген ақпаратқа сәйкес, аталған бағытта жалпы саны 8,1 млн-нан астам адам қамтылған 96,6 мыңнан астам шара өткізілді.
Наурыз айында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес дайындалған Қазақстан Республикасында 2018–2022 жылдарға арналған діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның жобасы таныстырылды.
Жобаны әзірлеу кезінде 2013–2017 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру нәтижелерінің талдау деректері, экстремизм мен терроризм қаупін тудыратын жағдайлар мен факторлардың талдауы, халықаралық озық тәжірибе, мемлекеттік органдардың, ҮЕҰ-дың және қоғамдық бірлестіктердің ұсыныстары ескерілген болатын.
Діни экстремизм мен радикализмнің алдын алу бойынша, сондай-ақ мемлекеттің зайырлылық қағидаттарын ңығайту жөніндегі жұмыстарға тартылатын мамандардың біліктілігін арттыру: Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимылдарға байланысты мәселелерді БАҚ-та жариялау ерекшеліктері атты семинар-тренинг үш сессия бойынша жүргізілді: «Заманауи шетелдік және отандық БАҚ-тағы террорист бейнесі», «Діни экстремизм мен терроризм идеологиясына қарсы иммунитет қалыптастырудағы журналистиканың рөлі», «Практикум. БАҚ-та террористік көріністерге қатысты оқиғаларды ақпараттандыру».
Дәріскерлер қатарында белгілі және беделді спикерлер сөз сөйледі – ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Терроризмге қарсы орталығы штаб басшысының бірінші орынбасары Швейкин С., ҚР Қоғамдық даму министрлігінің Қоғамдық келісім комитеті төрағасының орынбасары Мырзаев Б., ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетті төрағасының орынбасары Комиссаров М., ҚР Қоғамдық даму министрлігі Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу орталығының директоры А.Абдирасилқызы, ҚР ҰҚК Академиясының терроризмге қарсы дайындық орталығының қызметкері, сарапшы-саясаттанушы Иржанов Р., Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының ғылыми қызметкері Решетняк А. және басқалар.
Аталған іс-шара үлкен тәжірибелік әсер беруге бағытталған, себебі қатысушылар дін саласындағы өзекті мәселелерді жариялау бойынша өз құзіреттілігі мен кәсіби білімін шыңдар, діни экстремизмнің алдын алу бойынша ақпарат берудегі жаңа форматтармен жұмыс істеу дағдыларына ие болды. Сондай-ақ, террористік қауіп-қатерлерге байланысты дағдарыс жағдайларында орталық және өңірлік мемлекеттік органдардың БАҚ-пен өзара іс-қимылын жақсарту мәселелері талқыланды.
О. Сансызбай