Діни-экстремистік идеяларды жамылған 22 қылмыстық топ ұсталды

Діни-экстремистік идеяларды жамылған 22 қылмыстық топ ұсталды
Фото: Видео кадры

Ішкі істер министрлігі 22 қылмыстық топтың жолын кесті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

64 адам ұсталды

Жыл басынан бері ішкі істер органдары діни-экстремистік идеяларды жамылған 22 қылмыстық топтың қызметін тоқтатқан. Олардың құрамында болған 64 адам ұсталған.

Олар бопсалаумен, алаяқтықпен, тонаумен, браконьерлікпен және есірткі өткізумен айналысқан. Күдіктілер қылмыстық әрекеттерін жасау үшін атыс қаруын сақтаған.

Мұндай топтар елдің әртүрлі өңірінде, соның ішінде Алматы қаласында, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарында әрекет еткен.

Өңірлер бойынша

Мәселен, Алматыда радикалды діни идеяларды ұстанған төрт адам қала тұрғынынан 7,5 млн теңге алып кеткен. Кінәлілер сот үкімімен 5 жылдан 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Петропавлда радикалды діни идеологияны ұстанушы әйел жасаған алаяқтықтың төрт эпизоды ашылды. Залалдың жалпы сомасы 2 млн теңгеден асқан. Әйел 3 жылға бас бостандығынан айырылды.

Павлодарда радикалды діни көзқарасты ұстанатын жергілікті тұрғын алаяқтықтың 17 эпизодын жасаған. Залал сомасы 8 млн теңгеден асқан. Сот оған 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

155 қылмыстың беті ашылған

Ішкі істер органдары діни экстремизм идеяларын ұстанушылар жасаған пайдакүнемдік-зорлық сипатындағы 155 қылмыстың бетін ашқан. Заңсыз айналымнан 114 атыс қаруы, 3 суық қару, 7 граната, 1600-ден аса оқ-дәрі және 32 келіден аса есірткі тәркіленген.

Сонымен қатар, полиция экстремистік және террористік қылмыстарды, соның ішінде интернетте радикалды идеологияны тарату дерегін анықтап жатыр.

Ақтөбеде қала тұрғыны әлеуметтік желілерде өзге дін өкілдерін қорлау арқылы діни араздықты жария түрде қоздырған. Ол 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.

Ақтөбеде зорлық-зомбылық акцияларын жоспарлаған радикалды көзқарастағы тағы бір адам ұсталды. Терроризмді насихаттағаны үшін сот оған 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Түркістан облысында радикалды діни идеологияны ұстанушы әшкере болды. Ол интернетте халықаралық террористік ұйым - "Өзбекстан ислам қозғалысының" идеяларын белсенді түрде таратқан. Ол 7 жылға бас бостандығынан айырылды. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget