Жаңа жыл кезінде қоғамда екіұдай ой қалыптасады. Жаңа жылдың өзі қазақ қоғамын екіге бөліп жатыр: тойлайтындар және тойламайтындар. Бұл мерекені біреулер асыға күтсе, басқалары, тіпті, "құттықтамаңдар" деп ренжиді. Ал бұл туралы Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы өкілдері не дейді?
ҚМДБ әрбір халықта діни мерекелерден бөлек өзінің ұлттық мерекелері де болатынын, солардың бірі - Жаңа жыл екенін айтады.
"Ислам дінінде ораза және құрбан айттары мереке болып белгіленді. Алайда, әрбір халықтың діни мерекелерінен бөлек өзіндік ұлттық, отандық мерекесі, әрбір тұлғаның өмірінде орын алатын қуанышты жайттарына арналған күндері болуы заңдылық. Барша жұрт асыға күтетін жаңа жыл мейрамы да сол күндердің бірі. Ол әр елде өзінің ұлттық салт-дәстүріне сай тойланады", - делінген ҚМДБ сайтында.
Алайда ҚМДБ адамдарды үйде шырша құру әдетінен барынша арылуға шақырады.
"Мерекенің басты белгілері болып табылатын безендірілген жаңа жыл шыршасы, жаңажылдық дастархан, сыйлықтар - бәріне ортақ. Шыршаны қасиеттеу, ұлықтау адамның діни сенімін бұзуы мүмкін. Ертеде адамдар ағашқа тамақ іліп қойса, аңшылардың қанжығасы майланады деп санаған. Жаңа жыл күні адамның келер жылғы тағдыры шешіледі және шыршаның алдында қандай тілек тілесең, сол орындалады деп сенген. Дегенмен, жаңа жылдың белгісі ретінде үйге шырша құру, оны безендіру бұрын біздің дәстүрде болмаған. Үйіне шырша тігіп, "Аяз ата келіп, сыйлық береді" деп ата-аналар балаларын алдамаған. Олар ұрпақтарын Аллаға ғана тәуекел етіп, Жаратушыдан ғана береке тілеуді үйреткен. Сондықтан әдеп-ғұрпымызда болмаған, шариғатымызда бұйырылмаған жаңа жыл қарсаңында үйде шырша құру әдетінен барынша арылғанымыз жөн", - делінген ҚМДБ сайтында.