- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Дінді қаруға айналдырып...
"Дінді қаруға айналдырып алдық"- Актер Бекжан Тұрыс
Танымал актер Бекжан Тұрыс "Abay Live" YouTube-каналында қазақ халқының дінге деген қарым-қатынасы жайлы өз пікірімен бөлісті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жүргізуші қазір жастар дін ұстаздарын және имамдарды көп тыңдайтынын және сондай бағыт сілтейтін имамдар да көбейгенін айтты. Ол жастардың бұл нәрсеге фанаттық деңгейде қарайтынын ескере кетті. Осыған қатысты актердің пікірін сұрады.
"Қазір ерінбегеннің бәрі дінмен алысатын болды. Кешегі біздің аталарымыз "құрметтің үлкені - дінге деген құрмет" дейді, бірақ таза ақылдың бағытымен табылмаған дін шынайы емес. Бізде дінді әлі жалаң сенім ретінде қабылдайтындар көп. Өзіңіз айтқандай, жаңағы имамдардың уағызын естиді, өздері құранды толығымен оқып бітірмеген, бірақ кейде саған ақыл айтқысы келіп тұрады, сені дұрыс жолға салғысы келіп тұрады. Менің ылғи айтып жүрген бір сөзім бар: сақтан қалған салтым, ғұннан қалған ғұрпым, түркіден қалған жұртым бар. Қазақтың діні мен ділі, діңгегі, ілімі ілкі жұрттан да ілгері болады. Бүгінгідей дәрежеге емес, даланың даналық заңына бағынып жүрміз. Күн, Айы етегінде, Құдайы жүрегінде құрмет тұтқан халық болатынбыз.
Қазір шынымен де, осы дін төңірегінде әртүрлі әңгімелер айтылады. Оны көріп жүрміз. Кейде айтылып жатқан сөздің төңірегіндегі әңгімелердің өзі анау жаһилдық дәуірге, Пайғамбар заманына кетіп қалады. Мен неге қазіргімен ұштастырмаймыз деп айтамын.
Әлеуметтік тұрмыс-салтымыз, бітім-болмысымыз исламмен біте қайнасқан болатын. Енді қазір дін ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің дейді. Бірақ сол қасиетті біз қазір қаруға айналдырып алған сияқтымыз. Дін біздің тарихымыздың, мәдениетіміздің және әдебиетіміздің бір бөлігі. Фанаттық деңгейде діннің соңынан кетіп бара жатқан жастар бар. Бірақ өзінің дәстүрін де, әдеп-ғұрпын да жоғалтпаған ұрпақ та көп", - деді актер.
Еске салайық, Бекжан Тұрыс - актер және тележүргізуші, театр қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері және "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты.
А. Жапатова