Шариғат боынша пластикалық отаға рұқсат етіле ме? Жалпы қандай пластикалық оталарға тыйым салынған? Дін өкілдері бұл туралы не дейді? Толығырақ Massaget.kz материалында.
Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының ресми сайтында блеферапластика және басқа да эстетикалық отаның харам екені айтылған.
"Егер Шариғат талаптарына көңіл аударар болсақ, Ислам дінінде де тек тәннің кемістігін жою мақсатында мұндай әдіске баруға рұқсат етіледі. Ал тәнді қолдан өзгертуге Исламда қатаң тыйым салынған. Мұны мұсылмандар Алланың жаратқан ісіне араласу деп санайды. Құран Кәрімде "Әлбетте, Алла сендерге аманаттарды өз иелеріне тапсыруға бұйырады" ("Ниса" сүресі, 58-аят) делінген. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) бір хадисінде Оның (с.ғ.с.) әдемі, әрі жас көріну үшін тістерін егеумен қайрайтын әйелдерді және терілеріне сурет (татуировка) салғандарды лағнеттегені туралы айтылады. Алла жаратқан дене мүшелерді өзгертуге дейін сәнденуді дініміз құп көрмейді. Соның ішінде пластикалық операцияның көбі негізінен харам тірлікке жатады", - делінген мақалада.
Мuftyat.kz-те көпшіліктің назарын аударту үшін дене мүшелерін пышаққа іліктіретіндердің ісін мүлдем құптауға болмайтыны айтылған.
Сондай-ақ, мақалада тыйым салынған негізгі пластикалық ота түрлері көрсетілген: липосакция (артық майды алып тастау), ринопластика (көне грекше "rhinos" - мұрын, яғни мұрын пішінін өзгерту), блефаропластика (грекше "blepharon" - көздің қабағын өзгерту), отопластика (құлақтың пішінін өзгерту), бетті тазалау (безеуді кетіру, әжімдерді тегістеу, салбырап тұрған терілерді тартыру), лабиопластика (ерін пішінін өзгерту), дененің бір кемшілігігін жою үшін өз майын өзіне пайдалану, омырауды өсіру және пішінін өзгерту, флебэктомия (варикозалық тамырларды жою), круропластика (аяқты түзету), глютеопластика (бөксенің пішіні мен көлемін өзгерту), абдоминопластика (қарындағы артық терілерді алып тастау).
Massaget.kz тілшісі бұл сұраққа қатысты ҚМДБ өкілдеріне сауал жолдады. ҚМДБ баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы жауабын Пәтуә бөлімінен келтірді. Онда пластикалық ота жасатудың үкімі берілген.
"Адамның бойында туабітті немесе кейіннен пайда болған кемістіктерді, қалпына келтіру үшін емдеу мақсатында еріксіз пластикалық ота жасауға рұқсат етілген. Ал ерікті пластикалық ота табиғи бейнеден тыс жаратылысты өзгертуге алып барса, әрі айлакерлік, алдамшылық, көзбояушылық мақсат етілсе, онда оған рұқсат етілмейді", - делінген үкімде.
Еске салайық, бұған дейін Желіде айтыскер ақын Мұхамеджан Тазабектің бет-әлпетіндегі өзгеріс қызу талқыға түскенін хабарлаған едік. Ол көзіне жасаған ота блефаропластика емес екенін, көзінің жарығына (грыжасына) ота жасатқанын айтты.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!