“Джонни Депп және Ди Каприомен кешкі ас“. Танымал дизайнер Канн қызыл кілеміне қалай шақырту алғанын айтты

Танымал дизайнер Назым Карпикова "Мамский әңгіме" подкастында Канн фестиваліне қалай шақырту алғанын айтып берді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Дизайнер әлемдік жұлдыздармен Канн қызыл кілемінде жүріп өткенін айтты.

"Парижге топтамаларымды көрсетіп барып жүрдім. Кейін Канн фестивалі қосылды. Жұлдыздарға арналған шоурумға да шақырып жатады. Оған да клиенттерім үшін бардым. 4 клиентке 4 көйлек апардым. Олар маған "Джонни Депп және Ди Каприомен кешкі ас болады, соған қатысасыз" деді. Ол 21 мамыр болуы керек болған. Мен 21 мамырда барып, 22-сі Парижге мұғаліміме барып келіп, 25-сі Қазақстанға қайтуға билет алып қойғанмын. Бірақ Джонни Депп пен Ди Каприо 27 мамыр келетін болыпты. Енді қайттім деп ойлап едім, клиенттерім "Канн фестивалінің қызыл кілемінен өтіп, кинопремьераға барыңыз" деп анам екеумізге екі билет берді. Қазақша көйлек кидім. Репортерлер, журналистер сурет-видеоға түсіріп жатыр. У-шу. Ана жерде түрлі танымал актер және актрисалар жүр. Бәрі қасымда жүр. Бәрі өте қарапайым. Маған көбі "қытайсың ба, актрисасың ба" деп сұрап жатты. Мен "Қазақстаннанмын" деп қоймадым. Естен кетпес керемет тарих болып қалды. Мен үшін түс сияқты өтті де кетті", – дейді Назым Карпикова.

Канн кинофестивалі – әртүрлі мемлекеттердің кино өнерінің жетістіктерінің байқауы. Канндағы (Франция) халықаралық кинофестивальдің алғаш ашылуы 1939 жылдың күзіне белгіленді, бірақ  екінші дүниежүзілік соғыстың басталуына байланысты 1946 жылдың қыркүйегінде ашылды. 1951 жылдан сәуір–мамырда өткізіледі. Фестивальдің бас "Алтын пальма бұтағы" жүлдесі ең үздік толықметражды және ең үздік қысқаметражды фильмдерге беріледі. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!