9 жастағы Мариям Ишанғалиева халықаралық сұлулық байқауында бас жүлдені иеленді. Ол Атырау облысы Құрманғазы ауданындағы Көптоғай ауылында тұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Кішкентай модель - Сәбит Мұқанов атындағы жалпы орта мектептің 4-сынып оқушысы. Ол өзіне тән табиғи сұлулығымен дараланып, Ресей астанасы Мәскеуде өткен халықаралық Universe Beauty - 2023 сұлулық байқауында топ жарып, бас жүлдені иеленген.
Mini категориясы бойынша әр елден келген 8-9 жас аралығындағы ханшайымдармен сынға түскен Мариям қазақтың ұлттық киімін заманауи стильге бейімдеп көрсетілімге шығып, сән әлемінің дизайнерлерін таңдай қақтырған.
Мариямның анасының айтуынша, ол енді Малайзияда өтетін халықаралық байқауға жолдама ұтып алған.
"Конкурс үш кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде модельдер өз халқының ұлттық киімін киіп шықты. Екінші кезеңде спорттық киім, үшінші кезеңде кешкі көйлек киіп шықты. Мариямның өнері әділқазыларды, сән әлемінде жүрген атағы үлкен дизайнерлерді тәнті етті. Осылайша, Мариям Малайзияда өтетін халықаралық байқауға жолдама ұтып алды", - дейді кішкентай модельдің анасы Арайлым Қарабалаева.
Бұл Мариямның алғашқы жеңісі емес. Бұған дейін де халықаралық деңгейдегі сұлулық байқауларының жеңімпазы атанып жүрген Мариям сән әлеміндегі алыптарды қазақтың ұлттық киімдерімен ғана емес, күйлерімен де таңдандырып келген. Болашақта ол Корея еліне барып білім алып, дәрігер болуды мақсат етіп отыр.
Айта кетейік, 2-4 наурыз аралығында Мәскеуде халықаралық Universe Beauty 2023 сұлулық байқауы өтті. Дүниежүзілік сұлулық байқауларының финалы саналатын байқауда әлемнің түкпір-түкпірінен келген 4-36 жас аралығындағы модельдер бірнеше категория бойынша бақ сынасқан.
Баян Жанұзақова
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!