Экс-министр, қазіргі Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мектепте ұялы телефонды шектеуге қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның сөзінше, Үндістанда жүргізілген зерттеу мектепте ұялы телефонды шектеу қажет екенін дәлелдейтін салмақты уәждер келтірген.
"Кейбір аудиторияларда телефон қолдануға тыйым салынып, кейін осы топтардың оқу үлгерімі бақылау тобымен салыстырылған. Әсіресе, оқу үлгерімі төмен студенттердің білім сапасы артқаны байқалған. Тағы бір қызығы, тіпті назарды алатын факторлардың аз ғана қысқаруының өзі "орташа мұғалімді" "өте жақсы мұғаліммен" ауыстырғандай әсер еткені анықталған", - деді ол.
Депутат мұндай зерттеу қорытындысы Норвегия мен Ұлыбританияда да тіркелгенін айтты.
"Бізде де бұл мәселе қызу талқыланып жатыр. Белсенді және батыл мектеп директорлары мұндай шешімдерді өз бетінше қабылдап жатыр. Мысалы НЗМ осындай қадамға барды. Алайда көпшілік мектеп директоры әлі де жауапкершілікті өз мойнына алудан қорқады", - деді Аймағамбетов.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!