ORTA көпфункционалды кеңістігінің қолдауымен SöZ Astana Public Talk алаңында «Егемен күн: Қазақстан қалай еркін болды» тақырыбында кезекті дәріс өтті. Спикер ретінде ҚР дипломатиялық қызметінің ардагері, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, экономика ғылымдарының докторы Сайлау Батыршаұлы және Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты, публицист Никита Шаталов қатысып, тақырып аясында өз ойларын ортаға салды.
«Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары көп адамдар біздің мемлекет болып қалыптасуымызға күдікпен қарады. Өз қолымнан келетін жұмыс болғандықтан дипломатиялық қарым-қатынасымыздың қалыптасуына үлесімді қостым. КСРО құрамында болған кезеңде қазақтан 2-ақ дипломат шықты. Бірінші елшіміз – Нәзір Төреқұлов. Диктатор И.Сталин оны Меккеде Корольмен бірге жұма намазын оқығаны үшін Мәскеуге қайтып келген кезде атып тынды. Екінші елші –Мәлік Фазылов еді. Ол Мароккода Елші қызметін атқарды. Бір елде бірнеше ұлттар өмір сүретіні белгілі. Олар орыс, армиян, татар болсын барлығы өзін қауіпсіз сезіну керек. Өздерінің ұлттық құндылықтарын сақтап, дәріптеу қажет», деді Сайлау Батыршаұлы.
Жиын барысында ол 25 қазанда қабылданған декларация негізінде басқа мемлекеттермен дипломатиялық қарым-қатынас орнату басталғанын, ҚХР-мен сауда қатынасы орнағанын айтты. Жәнеде АҚШ Мемлекеттік хатшысы Джеймс Бейкердің алғашқы сапарының қалай өткенін айтып берді.
Оның сөзінше, америкалық дипломат Қазақстанда ядролық әлеуетті сақтау және жалпы Орталық Азия өңірін дамыту мәселесіне алаңдаған.
«Маған бәріне жеке барып, сұрақтар қоюға тура келді. Егер Қазақстан Ресей Федерациясының құрамына кіріп, әскери-стратегиялық және ядролық әлеуетті Ресеймен біріктірсе, АҚШ-тың Қазақстанмен қарым-қатынасы қалай құрылады? Қазақстан Ресеймен, Қытаймен шекаралас орналасқан ел. Бүйір жағында – Иран мен Ауғанстан. Біз өз әлеуетімізді дұрыс пайдалануымыз керек», деп өткен күнді еске алды ол.
Сонымен қатар ол Джеймс Бейкердің «Қазақстан мұсылман еліне айналады» деген қорқынышы болғанын да тілге тиек етіп, оның бұл қорқынышын, «Біз зайырлы мемлекет құрып, араб әлемімен де, Еуропа елдерімен де, Батыс елдерімен де жақсы қарым-қатынаста боламыз», деген Н.Назарбаевтың бір ауыз сөзі жойғанын да жеткізді.Мемлекеттік хатшы Бейкердің сапарынан кейін АҚШ Қазақстанның егемендігін мойындаған алғашқы елдердің бірі болып, Алматыдағы алғашқы елшілігін ашқан.
«Тәуелсіздік алғаннан кейін оны ұстап, сақтап тұруға күш салу керек. Сондықтан шетелдегі қазақтарды тарихи Отанына жинау қажет деп есептеймін. Сонымен қатар сырт елдермен байланыс орнатып, қарым-қатынас жасау үшін көп тіл білу өте маңызды рөл атқарады. Ал мемлекеттік тіліміз қазақ тілі болып қалуы керек», деді дипломатиялық қызметтің ардагері Сайлау Батыршаұлы.