Астана прокуратурасы әйелін ұрды деп айыпталған бұрынғы дипломат Сәкен Мамашқа қатысты қылмыстық істің тергеу барысы туралы мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Tengrinews.kz-тің "Сәкен Мамашқа қатысты істі тергеу аяқталды ма?" деген сауалына прокуратура жауап берген.
Мәліметке сүйенсек, Есіл аудандық полиция басқармасы дипломаттың әйелі Карина Мамаштың арызы бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 110-бабы 2-бөлігі 1-тармағы ("Көрінеу кәмелетке толмаған адамға немесе көрінеу дәрменсіз жағдайдағы адамға қатысты азаптау") бойынша соталды тергеу жүргізіп жатыр. Прокуратура тергеу жөнінде толығырақ ақпарат беруден бас тартқан.
Бұған дейін не белгілі?
2024 жылы Карина Мамаш "НеМолчи.kz" қорына тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болғанын, 10 жыл бойы қысым көргенін мәлімдеген. Ал оның күйеуі Сәкен Мамаш БАӘ-дегі елшіліктің кеңесшісі болды. Кейінірек Сыртқы істер министрлігі бұл оқиғаға қатысты пікір білдіріп, дипломат елге шұғыл түрде шақырылатынын мәлімдеді.
Кейін зорлық-зомбылық туралы хабарлаған елшілік қызметкерінің жұбайы да БАӘ-ден қайтарылатыны белгілі болды.
2024 жылғы 28 маусымда Астана қаласының әкімшілік құқықбұзушылық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Сәкен Мамашқа қатысты денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру дерегі бойынша істі қарады. Сот шешімі бойынша ол кінәлі деп танылып, 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова