- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- балалар құқығын қорғау
Динара Зәкиева 10-11 жастағы қыздарға хат жазған блогерге қатысты мәлімдеме жасады
Қазақстанның балалар құқығы жөніндегі уәкілі Динара Зәкиева 10-11 жастағы қыздарға хат жазған блогерге қатысты мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Блогер Құлпынай Қалменова бұрынғы күйеуі 10-11 жастағы қыздармен хат алмасқанын жариялаған болатын. Бұл әлеуметтік желіде шу тудырды.
Бұл жағдайға қатысты Қазақстанның балалар құқығы жөніндегі уәкілі Динара Зәкиева мәлімдеме жасады.
"Аталған жағдай бойынша мен және заңгер кеше блогермен байланысқа шықтық. Қалалық прокуратурамен бірге процестік шешім қабылдау мәселесі бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Уәкілетті органдармен бірлесе отырып, балалардың құқықтарын қорғау үшін барлық қажетті шараларды қабылдаймыз", - деді Динара Зәкиева.
Сондай-ақ балалар құқығы жөніндегі уәкіл ата-аналарды қырағы болуға шақырды.
"Баланың кіммен араласатынын әрдайым бақылап, оған қауіп-қатерлер, соның ішінде әлеуметтік желілердегі қауіптер жайлы айтып отыру, сондай-ақ 2023 жылдың қыркүйегінде мектептерде енгізілген қауіпсіздік сабақтары аясында қаралатын тақыраптарды талқылау маңызды. Балалардың қауіпсіздігіне қатысты кез келген күмәнді жағдайларды 102 немесе 111 нөмірлеріне хабарлау қажет", - деп ескертті ол.
Ол өткен жылы он алты жасқа толмаған адамдарға сексуалдық сипатта тиісу бойынша 33 қылмыстық іс тіркелгенін атап өтті.
"Еске сала кетейін, өткен жылы қабылдаған әйелдер құқықтары мен балардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі заң аясында он алты жасқа толмаған адамдарға сексуалдық сипатта тиісу үшін жаңа қылмыстық бап енгізілді. Аталған бап бойынша маусым айынан бері 33 қылмыстық іс тіркелді, бұл осындай әрекеттер үшін жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз етуге және ауыр қылмыстардың алдын алуға мүмкіндік береді", - деді Динара Зәкиева.
Желіде шу неден пайда болды?
Танымал блогер Құлпынай Қалменова желіде күйеуімен ажырасуына кішкентай қыздармен көңіл жарастырып, педофилизмге бой алдырғаны себеп болғанын жазды. Блогер бұрынғы күйеуі Қолғанаттың ұялы телефонынан кішкентай қыздармен сөйлескен хаттарын, бірге түскен фотоларын тауып, оны желіге жариялады.
Блогер 10-11 жастағы қыздардың аналарына сол күні ескерткенін айтты. Алайда кішкентай қыздардың аналары бұл жағдайға жеткілікті деңгейде көңіл бөлмей отырғанын жеткізді. Ол таратқан видеода күйеуінің Whatsapp-та екі кішкентай қызды "Айшам" және "Тырысқағым" деп сақтап қойғанын байқауға болады. Сондай-ақ ол қыздарға түнде "ғашық болып қалдым", "кешірші, жаным" деп жазған.
Кейін Қолғанат Жұмабаев қыздардың ата-аналарымен видео жариялады. Ол жерде қыздардың ата-аналары Қолғанат оларға аға ретінде қарайтынын және Құлпынай Қалменованы сотқа беретінін айтады.
Бұл жағдай желіде қатты шу тудырды. Бұл оқиғаны танымал коуч Роза Әшірбаева, адвокат Жанна Оразбақова және басқа да блогерлер таратып, балалардың құқықтарын қорғау органдарынан көмек сұрап жатыр.
Полиция не дейді?
Алматы қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл оқиғаға қатысты пікір білдірді.
"Жала жабу фактісі бойынша Наурызбай ауданының полиция басқармасына жергілікті тұрғын жұбайына қатысты өтінішпен жүгінді. Қазіргі уақытта тексеру шаралары жүргізіліп жатыр. Педофилия фактісі бойынша полицияға арыздар мен өтініштер түспеді", - деп жауап берді полиция департаментінің өкілдері.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
А. Жапатова