Дина Таңсәрі қандай күдікке ілінді? Бас прокуратура мәлімдеме жасады

Дина Таңсәрі қандай күдікке ілінді? Бас прокуратура мәлімдеме жасады
Фото: t.me/dina_tansari

Бас прокуратура Черногорияда "НеМолчи.kz" қорының басшысы Динара Смайылова (Дина Таңсәрі) ұсталуына қатысты мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Дина Таңсәрі қандай күдікке ілінген?

Тергеу деректеріне сүйенсек, Динара Смайыловаға қатысты алты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Ол алаяқтық, жеке өмірге қолсұғылмаушылықты бұзу және жалған ақпарат тарату бойынша күдікке ілінген.

Полиция мәліметінше, ол 2023 жылы сәуірде "Өскеменде қыз өз-өзіне қол жұмсағаны туралы жалған жаңалықты әлеуметтік желілерде жариялаған". Кейін ол қайғылы оқиғаға байланысты жазба жариялап, зардап шеккен қызға адвокат жалдау үшін деп ақша жинауды ұйымдастырған көрінеді. Сот процесі кезінде 20 миллион теңгеден аса қаражат жиналған. Алайда сотта адвокатты қыздың отбасы жалдағаны, ал жиналған қаражаттың бұл іске жұмсалмағаны анықталған.

Тағы бір жағдайда Таңсәрі жыныстық зорлық-зомбылық құрбаны болған кәмелетке толмаған қызға көмек көрсету үшін деп бірнеше миллион теңге жинаған-мыс. Бірақ тергеу мәліметінше, бұл іс жалған екен және қаражат қордың есепшотына емес, оның жұбайының жеке картасына аударылған.

Сонымен қатар, тергеу Таңсәрінің "НеМолчи.kz" қорының негізін қалаушысы ретінде шетелде жүріп, қайырымдылық қаражатты жеке қажетіне жинағанын анықтаған. Полицияға кемінде жеті адам шағымданып, алданғанын мәлімдеген.

Сот оны аса ірі көлемдегі алаяқтық жасады деп сырттай күдікті деп танып, оған қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын тағайындаған.

Бас прокуратура мәлімдемесі

ІІМ Интерпол Дина Таңсәрінің Черногорияда жүрген орнын анықтаған. Осыған байланысты Бас прокуратура оны экстрадициялау туралы осы елдің уәкілетті органдарына сұрау жолдаған.

"Қазір Қазақстан мен Черногория арасында экстрадициялау туралы халықаралық шарт жоқ. Осыған байланысты бұл мемлекет Смаилованы беруден бас тартты. Сот шешіміне қарамастан Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары оны қылмыстық жауапкершілікке тарту бойынша жұмыстарды жалғастырады", – деп жазылған хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін "НеМолчи.kz" қорының басшысы Дина Таңсәрі (Динара Смаилова) Черногорияда ұсталғанын мәлімдеді. Ол 14 сәуірде Астана уақытымен шамамен 18:30-да видеоүндеу жолдап, полиция бөлімшесінде отырғанын айтып, 15 сәуірде экстрадиция мәселесі бойынша сот өтетінін хабарлады.

Кейін Черногория билігі "НеМолчи.kz" қорының басшысы Дина Таңсәріні (Динара Смайылова) қамаудан босатқаны белгілі болды.

2024 жылы желтоқсанда Алматы, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарының Полиция департаменттері "НеМолчи.kz" қорының жетекшісі Динара Смайыловаға (Дина Таңсәрі) қатысты алты қылмыстық істі тергеп жатқанын мәлімдеген болатын. Көрінеу жалған ақпарат тарату, жеке өмірге қолсұқпау құқықтарын бұзу, сонымен қатар, алаяқтыққа байланысты екі іс бойынша тергеу жүргізіліп жатқаны айтылды.

Бұған дейін Дина Таңсәріге іздеу жарияланып, "НеМолчи.kz" қорының есепшоттары бұғатталған еді.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget