- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Димаш Құдайбергенов: Байқау...
Димаш Құдайбергенов: Байқау кезінде суыма ұйықтататын дәрі қосыпты
"Славян базары-2015" ХІІІ халықаралық эстрадалық ән орындаушылар байқауында бас жүлдені иеленген Димаш Құдайбергенов конкурс кезінде көрген қиындықтарын айтып берді. Бұл жайында ол "Қазақстан Zaman" газетіне берген сұхбатында мәлімдеді.
Орындаушының айтуынша, байқау барысында қиындықтар өте көп болды. "Бұл әлемдегі атышулы байқаулардың бірі. Ел намысын қорғау үлкен жауапкершілікті жүктегендіктен сәл-пәл қобалжулар болды. Мен барған кезде бірден суық тиіп ауырып қалдым. Үш күн қатарынан гидрокортизон деген препаратпен дауысымды бес сағатқа қалпына келтірді. Бес сағаттан кейін препараттың күші кетіп дауысың одан сайын нашарлап кетеді. Үш күндік байқауымды осылай ауырып жүріп өткіздім. Үшінші күні концертке бір сағат қалғанда мынадай бір оқиға болды. Ішіп жүрген суымды гримеркада тастап 5 минутқа сыртқа шығып кетсем суыма ұйықтататын дәрі қосып қойыпты. Мұны кім жасағанын әлі де білмейміз", - деп мәлімдеді Димаш Құдайберген.
Ол суды ішкеннен кейін басы айналып, өз-өзіне келе алмағанын айтты. Оған ұстазы Майра Дәулетбақ басына, қолына массаж жасап өзіне келуге көмектесіпті. "Сол кісіге үлкен рахмет айтқым келеді. Тамағым ауырып, басым айналып тұрса да сахнаға шығуға мәжбүр болдым. Аллаға шүкір иманы бар жігіттердің қатарынанмын, сахнаға шығуға 5 минут қалған кезде Фатиха, Ыхлас сүрелерін оқып, бір Аллама сиынып шықтым", - деді ол. Осыған дейін Димаш Құдайбергеннің бұл байқауға бір күн қалғанда ауырып, сөйлей алмай қалғаны хабарланған болатын.
Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Витебскте өткен эстрада әндері орындаушыларының XXIV халықаралық "Славян базары-2015" конкурсының Гран-при жүлдесін иеленген еді. Ол екі күннің қорытындысы бойынша 175 балл жинады. Сайыстың екінші күнінде Димаш француздың Sos dun terien un detresse әнін орындады. Димаш Құдайберген Гран-при жүлдесі үшін 20 мың доллар көлемінде ақшалай сыйлыққа ие болды. Үш күн болған шарада қазақстандық әнші оқ бойы озық болды.
Ф. Абилова