Қазақстанның Халық әртісі Димаш Құдайберген Дүниежүзілік бокс кеңесінің (WBC) құрмет белбеуіне ие болды. Марапаттау рәсімі 19 қарашада Мехикодағы Palacio de los Deportes аренасында өтті, – деп хабарлайды Massaget.kz DimashNews-ке сілтеме жасап.
Арнайы белбеу әншінің халықаралық жетістіктері мен музыка арқылы түрлі елдер мен мәдениеттерді жақындастыруға қосқан үлесі үшін берілді.
Димашты марапаттау туралы бастаманы Дүниежүзілік бокс кеңесінің президенті Маурисио Сулейман көтерген. Алайда ол денсаулығына байланысты салтанатты рәсімге қатыса алмаған.
WBC өкілдерінің айтуынша, мұндай арнайы белбеу өте сирек табысталады.
«Димаш – ерекше тұлға әрі музыка әлемінің аңызы. Ол дүниежүзіне танылып, музыкасы мен ұстанатын құндылықтары арқылы көптеген адамның ықыласына бөленді. Сондықтан оған осы белбеуді табыстауды ұйғардық», – деді ұйым өкілдері.
WBC-дің жасыл белбеуі кәсіпқой бокстағы ең беделді марапаттардың бірі саналады. Қазақстандық Геннадий Головкин де осы ұйымның әлем чемпионы болған. Ал WBC арнайы марапаттарын спорттан тыс саладағы көрнекті тұлғаларға да табыстап тұрады. Олардың қатарында Нельсон Мандела мен Турки Әл аш-Шейх бар.
Ұйым өкілдері музыка мен боксты ортақ құндылықтар – бірлік, бейбітшілік және өзара құрмет байланыстыратынын атап өтті.
«Спорт пен музыка адамдарды біріктіреді. Біреу спортты жақсы көреді, енді бірі музыка тыңдайды. Түптеп келгенде, мұның бәрі адамдардың жақын араласуына көмектеседі», – делінген хабарламада.
Кездесуде WBC-дің жаһандық мақсаттары мен Димаштың БҰҰ-ның Халықаралық көші-қон ұйымындағы ізгі ниет елшісі ретіндегі қызметі де талқыланды.
Димаш Құдайберген WBC өкілдеріне көрсетілген құрмет үшін алғыс айтып, бұл оқиғаны Қазақстан мен Мексика арасындағы достықты, музыка мен бірліктің күшін айқындайтын ерекше сәт деп бағалады.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!