- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Димаш Құдайберген "I...
Димаш Құдайберген "I am a Singer" жобасында жаңа әнін екі тілде орындады
Қытайда "I am a Singer" жобасының гала-концерті өтті. Димаш Құдайберген концертте "Angel love" атты жаңа композициясын қытай және қазақ тілінде орындады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы Димаш Құдайберген туралы ақпарат тарататын DimashNews сайты мәлімдеді.
Димаштың жаңа әнінің музыкасы мен сөзін қазақтың белгілі композиторы Ренат Гайсин мен ақын Қалқаман Сарин жазған. Ал аранжировкасын Ренат Гайсин дыбыс продюсері Ерлан Бекчуринмен бірлесіп жасаған.
Димаш концертте жаңа әнін қазақ және қытай тілінде айтқан. Қытай тіліндегі мәтіннің авторы – Лин Вэй Вейлим.
Ренат Гайсин әннің пайда болу тарихы туралы айтып берді.
"Бірнеше жыл бұрын ұшақ терезесінен ақша бұлттарға қарап отырып, мен ерекше әдемі суреттен шабыттанып, ойыма әдемі бір әуен оралды. Сол арада мен әуенді ұмытып қалмайын деп өзімнің дыбыс жазу құрылғыма жазып қойдым. Пандемия кезінде "Qairan Elim" композициясын әзірлеу үстінде мен бұл әуенді Димашқа көрсеттім. Бірақ тынымсыз саяхат пен гастрольдік сапарлар көбейіп кеткеннің салдарынан, бұл әнмен айналысуға енді ғана мүмкіндік туды. Жақында Димаш маған телефон соғып, "I am a Singer" гала-концертінде осы әнді орындағысы келетінін айтты. Ол мәтінін қазақ тілінде жазуды өтінді. Ал мен көп ойланбастан бірден өзімнің жақын досым, елдегі ең талантты ақындардың бірі Қалқаман Саринге телефон соқтым. Біз телефон арқылы хабарласқан соң, Қалқаман әуеннен шабыттанып, нәзік сезімді әнге өлең жазды. Мен бұны – композитор мен ақынның бірін-бірі сөзсіз түсінісудегі нағыз үйлесімділік деп атай отырып, шығарманы романтикалық поэма дегім келеді", - дейді Ренат Гайсин.
Жаңа әнге Димаштың өзі шынайы, таза және баға жетпес махаббаттың белгісі ретінде "Angel love" деген атау берген екен.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Д. Ибраева