Диетолог әрі Ресей диетологтары мен ұлттық тамақтану қауымдастығының мүшесі Наталья Круглова салқын тамақтың қандай салдары болуы мүмкін екенін айтты, - деп хабарлайды Lenta.ru.
Дәрігер дені сау адамға салқындатылған тағамдар мен сусындар зиянсыз екенін түсіндірді, оның қатарында балмұздақ та бар. Бірақ адамның асқорыту жүйесі дұрыс жұмыс істемесе, тым салқын тағамды тұтынуды шектеген дұрыс. Мысал ретінде ол гастроэзофагеаль рефлюкс ауруын атады.
"Салқын тағамдар мен сусындар ауруды күшейтуі мүмкін. Сондай-ақ, өт қабының аурулары, өт-тас ауруы үшін суық өнімдерді тұтыну дұрыс емес", - деп түсіндірді Круглова.
Сонымен қатар, ас қорыту жүйесінде проблемасы барларға мұндай тағамды жиі тұтыну іш кебуіне және нәжістің бұзылуына әкеп соғуы мүмкін. Маман салқындатылған тағамдар мен сусындардан туындаған "суық бас ауруы" туралы да айтты.
"Бірақ ол - суыққа әр адамның жеке реакциясы, көбіне бас ауруына бейім адамдарға тән. Сондықтан суықты сезінуге назар аудару керек", - деп қосты дәрігер.