Диетолог Татьяна Мещерякова "Известия"-ға жаңа жыл түні асқазаныңызға тамақтың көптігімен күресуге қалай көмектесе алатыныңызды айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сапалы асқорытуды қамтамасыз ететін ферментті жүйелеріміздің белсенділігі түнгі уақытта өте төмен. Сондықтан артық тамақтанудан қиналмас үшін жаңа жылдық мәзірді тиімді ету керек.
Дәрігер тамақты артығымен жасау артық тамақтануға әкелетінін ескертті.
"Жаңа жылдық мәзірді жоспарлаған кезде адамдар жиі тамақты артығымен дайындауды жөн көреді. Мысалы, оливьені бір табақ етіп жасайды, десертті бір аптаға жететіндей етіп алады. Сөзсіз, мұның бәрі көп тамақ жеуге және түрлі сусындар (тәтті шырындар мен газдалған сусындар, морстар, алкоголь) ішуге әкеледі. Осылайша, жаңа жыл түні желінген тамақ мөлшері нормадан бірнеше есе артып кетеді және 1,5–2 кг-ға дейін жетуі мүмкін. Бұл асқазанда ауырлық сезімінің және таразыда жаңа сандардың пайда болуына әкеледі", - дейді Татьяна Мещерякова.
Сондықтан ол мүмкіндігінше жаңа жылдық дастарханға тамақты порциялауды ұсынды. Мысалы, тіскебасарларды әр қонақ дәмін көргеннен кейін бітіп қалатындай етіп қойыңыз.
Сондай-ақ диетолог майлы тамақты оның пайдалы баламасына ауыстыруға кеңес берді.
"Дастарханға шұжықтың орнына қыздырылып пісірілген тауық етін қойыңыз. Қонақтарды грильде дайындалған балық өнімдерімен таңғалдырыңыз. Майонезбен дайындалған салаттардың орнына өсімдік майымен немесе лимонмен араластырылған көкөністі салаттар ұсыныңыз", - дейді дәрігер.
Сондай-ақ суық сусындарды бөлме температурасындағы сусындармен алмастырыңыз. Себебі асқорыту процесі асқазанда 36–37 градус шамасындағы температураны ұстап тұруды қажет етеді. Адам тамақтан соң суық сусындар немесе мұзы бар сусындар ішсе, асқазанға қолайлы температуралық режимді ұстап тұру қиын. Ал бұл өз кезегінде асқорыту ферменттерінің белсенділігін төмендетеді.