Диетолог, Диетологтар мен нутрициологтар ұлттық қауымдастығының мүшесі Наталья Круглова балды сақтықпен тұтынуға шақырды, - деп хабарлайды "Мослента".
Маманның айтуынша, қант диабетіне шалдыққандар, артық салмағы, аллергиясы бар адамдар бұл өнімді көп мөлшерде тұтынбауы қажет.
"Бал қантқа жатады, яғни ол калория мөлшері бойынша қарапайым қантқа өте ұқсас. Балдың мөлшерін бақылау өте маңызды, өйткені оның артық мөлшері рацион калориясын арттырады", - деп түсіндірді Круглова.
Маман қант диабетіне шалдыққандар мен артық салмағы барларға балға қантқа балама ретінде қарамауға кеңес берді, өйткені оның құрамында да калория мен қарапайым көмірсулар бар.
"Оны қолдануға болады, бірақ өте аз мөлшерде. Күніне бір шай қасық, мысалы, сүзбеге немесе ботқаға қосып тұтынуға болады", - деді ол.
Дәрігердің айтуынша, 1 жасқа дейінгі балаларға бал бермеген жөн. Өйткені ол ішек ауруларының дамуына себеп болуы мүмкін.
"Бал термиялық жағынан өңделмейді. Үлкендеу балалар үшін бұл маңызды емес, өйткені олардың иммун жүйесі қалыптасқан әрі жақсы әрекет етеді. Бірақ оны кішкентайларға берудің қажеті жоқ", - деді маман.