Дидар Әмірәлі Ханчжоуда өтіп жатқан жазғы Азия ойындарында WKF каратэден Ұлттық құрама қоржынына кезекті медальді салды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қазақ спортшысы 67 келіге дейінгі салмақтың қол жүлдесі үшін жекпе-жекте ирандық Амир Заде Махдиді жеңді. Есеп: 7-2.
Дидар үшін бұл жазғы Азиаданың екінші медалі. Ол 5 жыл бұрын Джакартадағы сары құрлық Олимпиадасында күміс жүлдегер атанған. Ал қарсылас осымен төртінші Азия ойындарына қатысып тұр. Ирандық татами шебері 60 келіге дейінгі салмақта 2014 жылы Инчхонда чемпион атанып, 2018 жылы Джакартада күміс жүлдеге ие болған. Тағы екі дүркін әлем және Азия жеңімпазы деген атағы бар.
Қазақ каратэшісі бүгін алғашқы айқасында Вирак Чрун (Камбоджа), Пань Хуэй Чен (Гонконг), ал ширек финалда Сельвам Кумардан (Малайзия) мықты екенін дәлелдеген. Алайда жартылай финалында Иордания құрамасының спортшысы Абдель Рахман Алмасатфадан жеңіліп қалған. Есеп: 2-10.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!