- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Диагноздың дұрыс қойылмауына...
"Диагноздың дұрыс қойылмауына әкеп соғуы мүмкін". Семейлік дәрігерлер тексерілмеген құрылғыларды қолданған
Семейдегі 4 медициналық мекеме тексерілмеген құрылғыларды қолданған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мұны Техникалық реттеу және метрология комитеті Абай облысы бойынша департаменті мамандары тексеру кезінде анықтады.
"Дәрігерлер жұмыс барысында тексеруден өтпеген электрокардиограф, тонометр, психрометр, термометр, пульсоксиметр секілді құрылғыларды қолданған. Бұл диагноздың дұрыс қойылмауына әкеп соғуы мүмкін. Басқа-басқа, денсаулық саласында мұндай кемшіліктерге жол беруге болмайды", - дейді Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Қуаныш Елікбаев.
Ал Семейдегі "Теплокоммунэнерго" мекемесі қаладағы №1 жылу электр орталығы мен басқа да қазандықтарда 373 тексерілмеген өлшеу құрылғыларын пайдаланған. Сол үшін 2,7 миллион теңге айыппұл төлеген. Өлшеу құралдарын тексерумен айналысатын "КТЖ - Грузовые перевозки" ЖШС-інің Семей филиалы да өз жұмысына салғырт қараған. Комитеттің Абай облысы бойынша департаменті 1,3 миллион теңге айыппұл салып, тексеру зертханасының аккредитациясын тоқтатқан.
Айбын Алтай
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Қ. Әбілдәқызы