Gartner және IDC сараптамалық агенттіктері дербес компьютерлер нарығына қатысты есебін берді. Сарапшылардың берген мәліметіне сенсек, дербес комьютерлердің әлемдік нарықтағы сатылымы өткен қаржы жылымен салыстырғанда әлдеқайда төмендеп кеткен. PC-нарықтың бүгінгі көрсеткіші 7 миллион данаға кеміген. Бұл туралы Business Insider ресурсы хабарлады.
Сарапшы мамандардың айтуынша, көптеген тұтынушылар жеңіл гаджеттерді қолдануға бейімделе бастаған. Себебі бүгінде кейбір смарт-құрылғылар толығымен компьютердің қызметін орындай алады. Одан бөлек, мұндай нәтиженің орын алуына дағдарыс пен АҚШ доллары бағамының көтеріліп кетуі айтарлықтай түрткі болған. Ал АҚШ долларының құны өскен сайын, дербес компьютерлердің бағасы да сәйкесінше көтерілетіні белгілі.
Gartner компаниясының жетекші сарапшысы Микако Китагава дербес компьютерлерге деген сұраныс 2016 жылдың басынан өсетінін айтады. Ал 2015 жылды PC-нарықтың үлескерлері барынша аз шығын көрумен ұстап тұрулары тиіс.
Дербес компьютерлер нарығына пернетақта қосуға болатын әмбебап планшеттер де кіреді. Тіпті осы сынды қосалқы құрылғыларды есептегеннің өзінде 2015 жылдың екінші кварталындағы сатылым деңгейі 70 миллионға жетпей тұр. Бұл бүкіл әлемдегі елдердің ортақ нарығын ескергеннің өзінде кварталдық есеп 9,5%-ға төмендеген. Ескере кетейік, тіпті ең қарқынды болып табылатын Солтүстік Америка нарығы 5,8%-ға (1,5 миллион дана) да құлаған.
Айта кетейік, әлемдік дағдарыстың өзінде Lenovo мен Dell компаниялары ең аз шығынды көріп отыр. Бұл аталған компаниялардың өнімдері нарықта ең көп сұранысқа ие екендігін дәлелдейді. Ал ең көп шығынды Acer (20,2%) мен Asus (10,2%) компанлиялары көріп отыр. Компаниялар ағымдағы жылдың соңына дейін нарықтың тұрақсыздығына төтеп берулері тиіс. Себебі жаһандық экономиканы бақылаушы экономистер келесі жылдың басынан дағдарысқа дейінгі ахуал қайта қалпына келетінін айтады.