ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі азаматтардың дербес деректеріне қатысты құқықтарының бұзылу фактілері бойынша тексерулер жүргізеді, - деп хабарлайды ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз орталығы.
Азаматтар жеке деректерінің заңсыз жария болу фактілерін анықтаған жағдайда министрлікке хабарласып, арнайы тексеру жүргізуін сұрай алады. Ол үшін moap@mdai.gov.kz электронды поштасына хат жолдауына немесе "электрондық үкімет" порталындағы ("Электрондық өтініштер" бөлімі) министрдің жеке блогына жазуына болады.
Өтініш берген кезде әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бойынша мәліметтер жеткілікті болуы керек: растайтын материалдар, құқық бұзушылық субъектісі туралы ақпарат және мерзімі. Анонимді өтініштер қаралмайды.
Министрлік өз кезегінде құқық бұзушыға қатысты тексеру жүргізеді. Әр тексеру ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінде тіркеуден өтеді және кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мақсатында ҚР Кәсіпкерлік кодексіне және ҚР ӘҚБК сәйкес жүргізіледі.
Факт расталған жағдайда әкімшілік жаза қолдану туралы шешім шығарылады.
Бұл ретте уәкілетті орган шағын бизнеске 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін жоспардан тыс тексерулержүргізбеу туралы қабылданған мораторийге қарамастан, шағын бизнес субъектілеріне тексеру жүргізбей-ақ әкімшілік іс қозғауға құқылы. Ең бастысы, құқық бұзушылық фактісін растайтын қажетті материалдарды толық ұсыну.
Естеріңізге сала кетейік, биылғы маусымда Мемлекет басшысы "Цифрлық технологияларды реттеу мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойған болатын. Бұл заңда Министрлік дербес деректерді қорғау саласындағы уәкілетті орган деп көрсетілген.