"Дер кезінде жүгінбеген". Тағы бір адам кене шағып қайтыс болды

"Дер кезінде жүгінбеген". Тағы бір адам кене шағып қайтыс болды
Фото: depositphotos.com

Қызылорда облысында Конго-Қырым қанды безгегінен бір адам қайтыс болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының мәліметінше, кенеден кесел жұқтырған Шиелі ауданының егде жастағы тұрғыны екен.

- Кене шаққан немесе кене шаққанына күмәнданған жағдайда адамдар көбіне өз бетінше үйде емделем деп уақыт жоғалтып алады. Ол кісі де сөйткен. Дер кезінде дәрігерге жүгінсе, бұлай болмауы мүмкін еді, - деді басқарма басшысы Марат Құрманбаев.

Жыл басынан бері облыста Конго-Қырым геморрагиялық қызбасын жұқтыруы мүмкін деген күдікпен 14 адам ауруханаға жатқызылды. Оның 7-інде диагноз расталды.

- Арасында балалар да, ересек адамдар да бар. Олар емделіп, қалыпты жағдайға келді, - деді басқарма басшысы.

Облыста індет тасымалдайтын кенелердің ошағы көбейген. Өткен жылы мұндай елді мекендер саны 106 болса, биыл 115-ке жетті.

Еске салайық, күні кеше Шымкентте ер адам кене шаққаннан кейін қайтыс болғаны хабарланған еді. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, ер адам - Сайрам ауданының 61 жастағы тұрғыны ауруханаға өте ауыр жағдайда түскен. Ол жансақтау бөліміне жатқызылды, онда ол үш күн жатып, қажетті ем алған. Дәрігерлер қолынан келгеннің бәрін жасағанына қарамастан ер адам есін жимастан қайтыс болды.

Қазіргі таңда тағы бір науқас конго-қырым геморрагиялық қызбасын жұқтырған болуы мүмкін. Оның талдау нәтижелерін мамандар тексеріп жатыр. 

Айта кетейік, конго-қырым геморрагиялық қызбасын тарататындар - иксод кенелері. Кенелер жылудың басталуымен жануарлар мен адамдарға шабуыл жасайды. Көктемде наурыздан маусымға дейін және күзде қыркүйектен қазанға дейін кене шағу маусымы болып саналады.

Кене энцефалитіне қарсы жоспарлы вакцинацияны орманшылар, аңшылар, геологтар сияқты аурудың табиғи ошақтарында көп жүретін қызметкерлер алады.

Назерке Саниязова,

Қызылорда облысы

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Massaget.kz