Депутаттың мәлімдемесінен соң “СҚ-Фармация“ басшылығы ауысты

Депутаттың мәлімдемесінен соң “СҚ-Фармация“ басшылығы ауысты
Фото: gov.kz

"СҚ-Фармация" ЖШС-ға жаңа басқарма төрағасы тағайындалды. Бұл қызметке Нұрлыбек Асылбеков кірісті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі мәліметінше, Нұрлыбек Асылбеков бұл қызметке тағайындалғанға дейін Шымкент қаласының Денсаулық сақтау басқармасын басқарған.

Айта кетейік, Денсаулық сақтау министрлігі "СҚ-Фармация" ЖШС-нің бұған дейінгі басшысы Еркен Жақатай жұмыстан шығарылғанын хабарлаған жоқ. Алайда ақпарат әлеуметтік желілерде тарап кетті. Кейбір мәліметтер бойынша Еркен Жақатай басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметінен босатылған.

"СҚ-Фармация" ЖШС - тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және Қазақстандағы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберіндегі дәрілер мен медициналық бұйымдардың бірыңғай дистрибьюторы. Компания елдегі медициналық мекемелер үшін дәрі-дәрмектерді сатып алады, сақтайды және тасымалдайды.

Бұған дейін не белгілі?

Еске салайық, бұған дейін Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек қылмыс белгілері барын айтып, "СҚ-Фармация" басшылары жай ғана жұмыстан босатылғанына күмән келтірді. Депутат арыз жазуға уәде беріп, оларды Антикор, ҚМА және Бас прокуратураға тапсыруды талап етті. 

Кеше ол "СҚ-Фармация" ЖШС, Дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығы, Бірыңғай дистрибьютор және еліміздегі фармацевтикалық компаниялардың қызметіне қатысты Бас прокуратураға арыз түсірді.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget