Серік Саиров Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры болып тағайындалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Су ресурстары және ирригация министрінің бұйрығымен Саиров Серік Бияхметұлы Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының (ҚазСШҒЗИ) бас директоры болып тағайындалды", - деп жазылған хабарламада.
Нұржан Нұржігітов жаңа басшыны ҚазСШҒЗИ ұжымына таныстырып, бұрынғы бас директордың саладағы еңбегі туралы айтты.
Министрлік мәліметінше, Серік Саиров - құрлық гидрологиясы, гидрологиялық есептеулер және су ресурстарын бағалау саласындағы білікті маман.
Ол 1994 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін "Құрлық гидрологиясы" мамандығы бойынша тәмамдаған. 2007 жылы құрлық гидрологиясы, су ресурстары және гидрохимия бағыты бойынша география ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алды. 2017 жылы Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің магистратурасын "Қаржы" мамандығы бойынша бітірген.
Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Tengrinews.kz-ке Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының жаңа басшысы туған ағасы екенін растаған.
"Бірақ ешқандай қызметтік байланыс жоқ. Мамандығы бойынша өзі өсіп келе жатыр. Гидрология ғылымдарының кандидаты, профессор", - деді ол.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!