Серік Саиров Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры болып тағайындалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Су ресурстары және ирригация министрінің бұйрығымен Саиров Серік Бияхметұлы Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының (ҚазСШҒЗИ) бас директоры болып тағайындалды", - деп жазылған хабарламада.
Нұржан Нұржігітов жаңа басшыны ҚазСШҒЗИ ұжымына таныстырып, бұрынғы бас директордың саладағы еңбегі туралы айтты.
Серік Саиров туралы не белгілі?
Министрлік мәліметінше, Серік Саиров - құрлық гидрологиясы, гидрологиялық есептеулер және су ресурстарын бағалау саласындағы білікті маман.
Ол 1994 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін "Құрлық гидрологиясы" мамандығы бойынша тәмамдаған. 2007 жылы құрлық гидрологиясы, су ресурстары және гидрохимия бағыты бойынша география ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алды. 2017 жылы Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің магистратурасын "Қаржы" мамандығы бойынша бітірген.
- Еңбек жолын 1994 жылы ҚР ҰҒА География институтының гляциология зертханасында I санатты инженер болып бастаған.
- Әр жылдары С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде география кафедрасының оқытушысы, сондай-ақ, "Жер кадастрының ғылыми-өндірістік орталығы" РМК Шығыс Қазақстан филиалының директоры және бірінші директордың орынбасары қызметтерін атқарған.
- 2007 жылдан бастап "Қазгидромет" РМК құрылымында еңбек етті. Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиал директоры, Алматы қаласы бойынша филиал директоры, Гидрология департаментінің директоры, Ғылыми-зерттеу орталығының директоры және кәсіпорын бас директорының орынбасары қызметтерін атқарды.
- 2023 жылдан бастап осы уақытқа дейін "Қазгидромет" РМК бас директорының бірінші орынбасары болып жұмыс істеді.
Депутат бауыры туралы не дейді?
Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Tengrinews.kz-ке Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының жаңа басшысы туған ағасы екенін растаған.
"Бірақ ешқандай қызметтік байланыс жоқ. Мамандығы бойынша өзі өсіп келе жатыр. Гидрология ғылымдарының кандидаты, профессор", - деді ол.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова