Осыдан бірнеше күн бұрын мәртебесіне сай емес әрекеттері үшін қызметінен босаған Мәжіліс депутаты Асқар Садықовтың оқиғасы қоғамда қызу талқыланып жатыр. Жағдайға байланысты Massaget.kz тілшісі Сенат депутаттарынан экс-әріптестерінің әрекетіне қатысты пікір сұрады.
Сенат депутаты, тележурналист Бибігүл Жексенбай аталған жағдайдан кейін заңда харрасмент ұғымын енгізу керек деп пікір білдірді.
«Қалай болғанда да бұл әңгіменің шыққанының өзі депутаттардың абыройына нұқсан келтіретін үлкен мәселе болып тұр. Жалпы бізде ешбір заңда харрасмент ұғымы енгізілмегендіктен, бұл тұрғыда сұрақтар көп туындайды. Бірақ қоғамда жылдар бойы әйел адамдардың абырой-беделіне нұқсан келтіретін психологиялық, басқа да қысымдар болып тұрған. Соңғы әйелдер мен балалар құқын қорғау үшін қабылданған заңдар осы мәселені ашық айтуға мүмкіндік беріп жатыр деп ойлаймын. Сондықтан бұл мәселенің анық айтылуының өзінің оң әсері болады. Харрасмент ұғымын болашақта заңға енгізіп, қорғауымыз керек деп ойлаймын. Еңбек кодексінде, азаматтық кодексте аталған мәселелер «адамның дініне, тіліне, жынысына байланысты қысым көрсетуге болмайды» деп жалпылама айтылған. Бірақ таза харрасмент ұғымы енгізілмеген. Сондықтан осындай жайттар орын алып жатыр», - деді депутат.
«Жеке практикасында мұндай жағдайлар болды ма?» деп сұраған едік, шенеунік телеарнадағы әріптестерінен ғана мұндай оқиғаларды естіп жатамын деді.
«Жеке басымда мұндай оқиғалар болған емес. Телеарналарда мұндай дүниелер болады дегенді әріптестерімнен естіп жүремін. Бірақ өзім басшылықта болған кезде қысым көрсетушілікке қатысты шағым болған емес. Қоғамымызда жылдар бойы бұл мәселені ашық айтуға ұжымда болсын, басшылыққа болсын, қоғамға болсын жария ету - ұят деп есептелінеді. Соңғы қабылданған заңдар осы тұрғыдан өз құқығымызды қорғауға үлкен мүмкіндік беріп отыр деп ойлаймын. Аудан, облыстарды айтпай-ақ қояйын, Астананың өзінде мұндай дүниелердің орын алуы назар аударатын мәселе. Харрасмент ұғымын заңды түрде енгізу- адамдардың өз-өздеріне жауап берулеріне мүмкіндік ашады деп ойлаймын», - деді Бибігүл Жексенбай.
Сенат депутаты Әсем Қалшабайқызы да харрасмент ұғымын заңдастыру қажет екенін айтады.
«Бұл мәселені біздің әріптесіміз қараған болатын. Өткен заңда ол мәселе енген жоқ. «Харрасментті жан-жақты қарастыру керек, бүгінгі таңда оны теріс қолданып кететін адамдар болуы мүмкін» деген пікірлер айтылды. Сондықтан біз оған талдау жүргізіп, кездесіп қалуы мүмкін деген жағдайдың барлығын қарастырып, талқылау керек деп ойлағанбыз. Алдағы уақытта бұл заң қарастырылады деп ойлаймын. Ал енді әріптестердің оқиғасына келсек, бұл жерде жағдайды «жеке бастың мәселесі ме, жоқ әлде нақты осындай жағдай болған ба?» дұрыстап анықтау керек», - деп қысқа қайырды депутат.
Ақпарат үшін: 4 қыркүйекте «Ақ жол» партиясының жетекшісі Азат Перуашев депутат Асқар Садықовтың партиядан шығарылуына қызметтік өкілеттігін асыра пайдалануы түрткі болғанын мәлімдеген еді. Перуашевтің сөзінше, партия атына Асқар Садықовқа қатысты бірқатар шағым түскен, онда айтылған жайттар пленумда қаралып, тиісті шешім шығарылған. Садықовтың өзі әлеуметтік желі арқылы видео үндеу жолдап, өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз