Депутаттар Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның бюджет туралы есебін тыңдады: не анықталды?

Бүгін Астанада Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтті. Депутаттар Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін тыңдап, бекітті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Үкімет қандай есеп берді?

Парламент палаталарының бірлескен отырысында қаржы министрі Мәди Такиев 2025 жылдың қорытындысы бойынша экономика 6,5 пайызға өскенін мәлімдеді. Жалпы ішкі өнім 15 млрд долларға ұлғайған. Бұл ретте инфляция - 12,3 пайыз.

Орташа айлық жалақы 442 мың теңге деңгейінде болса, жұмыссыздық жыл бойы 4,6 пайыз деңгейінде сақталған.

Мәди Такиев Ұлттық қордағы жинақ туралы да есеп берді.

"Ұлттық қордың активтері 2025 жылдың соңында 73,8 млрд долларға жетті, оның ішінде 63,9 млрд доллары - валюталық қор активтері", - деді министр.

Одан бөлек, "Ұлттық қор - балаларға" бағдарламасы аясында 2026 жылы әр балаға 130,7 доллардан келген, 3 жыл ішінде 370,6 доллар жиналған.

Министр республикалық бюджеттің кірісі туралы да баяндады.

"Жоспардың 99 пайызы орындалып, 21,4 трлн теңге болды. Оның ішінде республикалық бюджеттің меншікті кірісін, трансферттерді есептемегенде, 15,3 трлн теңгеге жетті. Салық түсімдері 2,2 трлн теңгеге немесе 17,5 пайызға өсті", - деді Мәди Такиев. 

Бюджет шығыны 25,5 трлн теңге болып, 9,3 трлн теңге әлеуметтік салаға бағытталған. Оның ішінде зейнетақы мен жәрдемақыға 5,9 трлн теңге, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 2,1 трлн теңге бөлінген.

"Үкімет тарапынан барлық әлеуметтік міндеттеме орындалды. Өңірлерді қолдауға 7,7 трлн теңге бағытталды. 2025 жылы жергілікті бюджеттердің республикалық бюджетке тәуелділігі 50 пайыз болды. Бюджет әлеуметтік салаға бағдарланған болып қала береді", - деді қаржы министрі.

Сурет: Үкіметтің баспасөз қызметі

Жоғары аудиторлық палата не анықтады?

Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов аудит барысында бірқатар жүйелі мәселе анықталғанын мәлімдеді. Ол басты мәселелердің бірі ретінде мемлекеттік органдардың Парламентте бюджетті қайта қарамай, қаражатты бірнеше рет қайта бөлу мүмкіндігін атады.

"Мемлекеттік органдарға өз бюджетін 15 пайыз шегінде нақтылаусыз түзету мүмкіндігі берілді. Алайда Жоғары аудиторлық палата мұндай түзетулердің көлемін шектеу қажет деген пікірде, өйткені кейбір бағдарламалар бойынша қаражатты қайта бөлу көлемі 90 пайызға дейін жеткен", - деді Смайылов.

Аудиторлар мұндай өзгерістерді шектеуді және парламенттік бақылауды күшейтуді ұсынды.

Сурет: ЖАП баспасөз қызметі

Сондай-ақ, палата мемлекеттік қарызды басқару жүйесін жетілдіру қажет деген пікірде. Олардың сөзінше, жаңа қарызды тарту кезінде тек қарыз алу көлемін емес, сонымен қатар, оның экономиканың өнімділігіне, экспортқа және болашақ салық түсімдеріне әсерін де бағалау қажет.

Аудиторлар "Ұлттық қор - балаларға" бағдарламасына ерекше назар аударды. Олардың пікірінше, бағдарламаға қатысушы кәмелетке толған азаматтардың талап етілмеген қаражатын инфляциядан қорғау үшін инвестициялау қажет.

Жоғары аудиторлық палата жалпы 26 ұсыныс дайындаған, олар алдағы уақытта заңнамалық өзгерістерге негіз болуы мүмкін.

Еске салайық, бұған дейін Әлихан Смайылов бюджетке 335 миллиард теңге түспей қалғанын айтты. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!