Депутаттар жайылым тапшылығын шешуді көздейтін заңды мақұлдады

Депутаттар жайылым тапшылығын шешуді көздейтін заңды мақұлдады
Фото: Tengrinews.kz

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында "Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне жайылымдарды пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң екінші оқылымда мақұлданды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Депутат Сәкен Арубаев заң депутаттардың бастамашылығымен әзірленгенін айтып, құжатқа енгізілген негізгі ережелерге тоқталды.

Біріншіден, Жер кодексіне енгізілген өзгерістер.

  • Облыстағы жергілікті атқарушы органдар жайылымдардың тозуына және шөлейттенуіне қарсы күрес, жайылымдарды суландыру жөніндегі іс-шаралар жоспарларын әзірлеу және бекіту жөніндегі өкілеттіктерін кеңейтуді көздейтін түзетулер енгізілді. Бұл іс-шараларды іске асыру төмен тұрған деңгейдегі жергілікті атқарушы органдарға бекітілді. Жоғарыда аталған іс-шараларды іске асыру жайылымдардың одан әрі тозуын және шөлейттенуін болдырмауға мүмкіндік береді және тозған жерлерді қалпына келтіруге, оларды ұтымды пайдалануға, жер ресурстарының өнімділігін арттыруға ықпал етеді.
  • Қолданыстағы кодекске сәйкес жайылымның жалпы алаңына түсетін жүктеме нормасының 20 пайызынан аз болса, артық жайылым мемлекетке қайтарылуға жатады.

Ұсынылған заң бойынша түсетін жүктеме нормасының 50%-дан аз болған жағдайда артық жайылым қайтарылады. Енгізіліп отырған норма жайылымдарды тиімді пайдалануға бағытталған. Сондай-ақ бұл жайылымдардың жетіспеушілігін азайтады.

Қолданыстағы Жер кодексінің 36-бабында шалғайдағы және ауыл халқын жайылыммен қамту үшін конкурссыз 5 жылға тікелей беру туралы норма қазіргі заңнан мүлдем алынып тасталады. Бұл ретте шөп шабу үшін жер учаскелерін беру тәртібі өзгермеді. Екіншіден, сенатор Орман кодексіне де өзгерістер енгізілгенін жеткізді.

"Заңмен орман және табиғат қорғау мекемелерін жыл сайын ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органына шөп шабу және мал жаю мүмкін болатын мемлекеттік орман қорының учаскелері туралы мәліметтер беруге міндеттейтін түзету енгізілген. Аталған түзету орман қоры жерлерінде орналасқан жайылымдарды ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді", - деді Сәкен Арубаев.

Үшіншіден, "Жайылымдар туралы" заңға да өзгерістер енгізілген.

"Көпшілік пайдаланатын жайылымдар" туралы жаңа ұғым енгізілді. Қоғамдық жайылымдар елді мекендердің іргелес аумағында орналасады және мал жаю бойынша жергілікті халықтың қажетін қанағаттандыруға арналған.

Оларды ауыл шаруашылық жерлерінің басқа түрлеріне ауыстыруға тыйым салынады. Сондай-ақ олар жеке меншікке және жерді пайдалануға берілмейді және тек халықтың мал жаю қажеті үшін пайдаланылады", - деді депутат.

Сонымен қатар құжатта ауыл әкіміне жаңа құзырет берілетіні жазылған.

"Көпшілік пайдаланатын жайылымдар" көлемін ұлғайту үшін ауылдық елді мекен шекарасынан тыс орналасқан жайылымдарды ауыл әкімдерінің құзыретіне беру туралы норма ұсынылып отыр. Бүгінде олар аудандық атқарушы органның құзыретінде.

Бұл норманың басты мақсаты – жеке мал жаю үшін жайылыммен қамтамасыз етуге қатысты ауыл әкімдерінің құзыреттерін кеңейту және жайылымдарды пайдалану туралы жоспардың кешенділігін қамтамасыз ету. Жайылымдарды пайдалану туралы жоспар енді 5 жылға арналып жасалады", - деді сенатор.

Сәкен Арубаев аталған заңның қабылдануы ауылдардағы ең өзекті мәселенің бірі ауыл тұрғындарының малдарын жайылыммен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін жеткізді. Депутаттар заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады.

Аяз Есен

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz