Мәжілісте жасанды интеллект мәселелері жөніндегі заң жобасы таныстырылды. Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев заң нормаларын талқылау барысында жасанды интеллект Қазақстанда түрлі салаларға қалай әсер ететініне алаңдаушылық білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Депутат болашақта жасанды интеллект кейбір қазақстандықтарды жұмысынан айыруы мүмкін екенін айтты.
"Жасанды интеллект прогреске жетелейтінін және оны дұрыс реттеу біздің міндетіміз екенін түсінеміз. Көптеген саланы жасанды интеллект арқылы реттеуге болады. ...Дүниежүзілік экономикалық форумның, сондай-ақ, банктердің мәліметтері бойынша бүкіл әлемде жасанды интеллект 90 миллионға жуық жұмыс орнын алмастырады. Деректер бірнеше жылдан бері зерттеліп келеді. Бұл, әрине, еңбек нарығына ықпал етеді", - деді Елнұр Бейсенбаев.
Оның айтуынша, бұл кезде жұмыссыздық мәселесі туындайды.
"Қазақстанда жұмыссыздық бойынша нақты көрсеткіш - 12-13 пайыз. Бұл - шамамен 1 миллион адам. Ал кейбір салаларды жасанды интеллект алмастырса, онда жағдай ушығуы мүмкін. Осыған байланысты заң жобасында бұл мәселелерді қарастыру қажет", - деді мәжілісмен.
Депутат Жапонияны мысалға келтірді, мұнда банк карталарын әлі күнге дейін адамдар береді.
"Әрине, Жапонияға жасанды интелектіні қолдану қиын емес. Бірақ олар адамдарды ауыстыру, оларға жаңа жұмыс орындарын ашу өте қиын екенін түсінеді. Бұл - бірінші фактор. Екінші фактор: оларды қайта даярлауға және жаңа жұмыс орындарын табуға үлгереміз бе?" - деді Бейсенбаев.
Сондай-ақ, депутат ауруларды анықтау кезінде жасанды интеллектіні қолданудың қандай қаупі барын айтты.
"Кім жауапкершілік алады? Ертең дәрігер осындай жағдай болды дейді, ал жасанды интеллект ұсынысын білдіреді, олар белгілі бір ем жүргізеді, бірақ адам қайтыс болады. Сонда оны емдеген адам "біз мұны жасанды интеллект арқылы зерттедік" дей ме?" - деді депутат Бейсенбаев.
Депутат Екатерина Смышляева әріптесінің барлық ұсынысын ескеруге уәде берді.
Айта кетейік, бүгін Мәжілісте "Жасанды интеллект туралы" заң жобасы мен Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске енгізілетін ілеспе түзетулердің таныстырылымы өтті. Заң жобалары туралы Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің хатшысы Екатерина Смышляева баяндады.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова