- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Депутаттар бос жүреді"...
"Депутаттар бос жүреді" деп ойлайтын халық қатты қателеседі". Руслан Берденов депутаттардың немен қамтамасыз етілгенін айтты
Мәжіліс депутаты Руслан Берденов мемлекет тарапынан депутаттарға қандай жағдай жасалатынын Руслан Шаекинге берген сұхбатында айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Жеке жұмысқа пайдаланбаймыз"
Депутаттың айтуынша, мемлекеттік қызметтегілерге уақытша пәтер беріледі.
"Көптеген адам депутаттарға берілетін үйлер өздерінде қалады деп ойлайды. Олай емес. Қызмет аяқталған соң кері тапсырады. Пәтер "Нұрсая" тұрғын үй кешенінен беріледі. Жұмысқа жақын. Әрқайсысының отбасы, бала-шағасының санын есептеп, ыңғайлысын береді. Бірақ мен қызметтік пәтерде тұрмаймын. Ал жеке көлік берілмейді. Такси паркіне жұмыс бабымен баратын жерді, уақытты алдын ала жазасың. Солар апарады. Бірақ арнайы жүргізуші деген мүлдем болмайды. Ал жеке жұмыстарға бұл көлікті пайдалануға тыйым салған. Әрі кетсе тек аэропортқа дейін ғана апарады", - деді Руслан Берденов.
Ал төленетін жалақы әркімнің жұмыс істеу тәжірибесіне және алған мемлекеттік марапаттарына байланысты екенін айтты.
"Менде былтыр ғана алған "Ерен еңбегі үшін" медалі бар. Оны да әкімдіктегілер қайта-қайта құжат құжат сұрағасын жинап бергенмін. Мұндай ауқымды медаль деп ойламаппын. Жалақым - 840 мың теңге. Бірақ мен бұдан да көп ақша жоямын. Себебі бізбен бірге сарапшылар жұмыс жасайды. Аналитикалық бөлім жоқ болғандықтан, кез келген депутаттық ұсынысқа, заң жобасына анализ жасап береді. Бұл - үлкен жұмыс. Негізі мемлекеттен бізге бір көмекші беріледі. Төрт сарапшыға дейін өзіміз алуға рұқсат етілген. Бізде қазір төрт сарапшы жұмыс істейді. Ал оның жалақысын өзім төлеймін. Халық ойлайтындай, жүріс-тұрысымыздың бәрін мемлекет қамтамасыз етпейді", - деді ол
"Келмеймін" деуге болмайды"
Депутаттың айтуынша, жұмыс кестесі әдеттегідей 9:00-де басталып, 18:00-де аяқталады.
"Жұмыс күні әдеттегідей бес күн. Түскі асқа бір сағат беріледі. Түрлі іс-шаралар болса, соған жібереді. Арасында партияның кеңсесіне барып тұрамыз. Шынына келгенде, жұмыс көп. Комитеттің өзінің жұмысы бар, жиналысына қатысу керек. "Келмеймін" деуге болмайды. Тіпті, түскі асқа үлгермейтін кездер болады. Спортқа да көңіл бөлетін уақыт таба алмай қаламын. "Депутаттар бос жүреді" деп ойлайтын халық қатты қателеседі", - деді Руслан Берденов.
Оның айтуынша, Мәжіліс отырысында депутатарды алфавит ретімен тегіне қарай отырғызады.
"Мәжіліс отырысында Жигули Дайрабаев менің Құдай қосқан көршім. Өте белсенді адам. Түрлі жағдайлар болады ғой. Соның бәріне оптимистік көзқараста қарайды. Әйтпесе басқа адам болса, мұндай кезде морально-физикалық жағынан сынып кетуші еді", - деді депутат.
Еске салайық, бұған дейін депутат Руслан Берденов 830 мың теңге жалақысын қайырымдылыққа беріп жүргенін айтқаны жарияланған болатын.
Тағы да оқи отырыңыздар: Жүннен тоқылған киімдерді қалай жуған дұрыс?
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
А. Жайыққызы