- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Депутаттар бизнесті тексеруге...
Депутаттар бизнесті тексеруге мораторийді тағы ұзартуды сұрады
Мәжілістегі "Ақ жол" фракциясының депутаттары бизнесті тексеруге мораторийді тағы бір жылға ұзартуды сұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мәжіліс депутаты Асқар Садықов сауалын Премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолдады.
Оның айтуынша, 2019 жылы микро және шағын бизнесті тексеруге 3 жылға мораторий жарияланды. Содан кейін ол тағы бір жылға ұзартылған.
"Коронавирус пандемиясы өршіп тұрғанда және карантиннен кейін мораторий кәсіпкерлерге айтарлықтай көмек болды. Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің дерегінше, 2019 жылы шағын және микробизнес 128 мыңнан астам рет тексерілді. Осылайша, 2020 жылы олардың саны 5 есе қысқарды. Мораторийдің енгізілуі мемлекет тарапынан бизнесті қолдауға көрсетілген тиімді шаралардың бірі болды", - деді депутат.
Сонымен қатар Асқар Садықов шағын және орта бизнес субъектілерінің небәрі 0,2%-ын құрайтын орта кәсіпкерлік осы саладағы өндірістің 20%-ын қалыптастырып отырғанын атап өтті. Оның пікірінше, елімізде орта бизнес те тексерілмеуі керек.
"Мемлекеттік қолдау шараларының барлығы, тіпті мораторийдің өзі шағын және микробизнеске бағытталған. Алайда орта бизнесті қолдауға қатысты ештеңе жоқ. Осыған байланысты табысы бар шағын кәсіпорындар орта бизнеске өткісі келмейді", - деді ол.
"Ақ жол" фракциясының депутаттары кәсіпкерлерді тексеруге мораторийді 2024 жылдың соңына дейін ұзартуды ұсынды.
Аяз Есен
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Massaget.kz