- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Депутат “закладчиктермен“ ғана...
Депутат “закладчиктермен“ ғана емес, олардың басшыларымен де күресу керегін айтты
Депутат Руслан Берденов Мәжілісте синтетикалық есірткі мәселесін көтерді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Депутаттың сөзінше, бүгін синтетикалық есірткі қолжетімді. Ал оны алу үшін интернет және гаджеттің болуы жеткілікті. Қазақстанда нашақорлардың есебінде 18 мыңнан астам адам тіркелген екен.
"Елімізде 2023 жылы 1 миллион грамнан астам есірткі тәркіленсе, бұл көрсеткіш 2024 жылдың 8 айында 900 мың грамға жеткен. Есірткіні сатуға байланысты 3145 адам қылмыс жасап, оның 2560 сотталып кеткен. Бұл қарқынмен 10 жылда 1 ауылдың тұрғындарына тең адам сотталып кетпек.
Бүгіннің өзінде 37 мыңнан астам сотталғандардың 8 пайызы есірткі қылмысына қатысты жазасын өтеуде. Есірткі қылмысының жетегіне ерген азаматтардың жас мөлшерінің 16-17 жасқа төмендеуі мен әйел қылмыскерлердің санының өсуі алаңдатады", - дейді депутат.
Берденовтің сөзінше, нашақорлық және есірткі бизнесіне қарсы күрес жүргізілгенімен, жағдайдың жақсаратын түрі жоқ. Нәтижесінде, қоғамда келесі сұрақтар туындайды.
Бірінші: Еліміздің аймақтарында жасырын есірткі лабораториялары қарқынды жұмыс жасайтыны және оларды түрлі органдар қорғайтыны жайлы пікір қалыптасқан. Осы бағытта тексеру жұмыстарын ұйымдастыру қажет.
Екінші: Есірткінің елге кіру көздерінің бірі шекара болғандықтан, Шекара қызметі қажетті материалдық-техникалық құралдармен қаншалықты сапалы жабдықталған?
Үшінші: Есірткі сатуға қолданылатын шет елдік мессенджерлерде есірткі сатуды ұйымдастырушылар жайлы қанша ұсыныс жолданып, қаншасы қолданды? Қаншасы қараусыз қалды? Олармен ынтымақтастық қай деңгейде?
Төртінші: Есірткінің жаңа түрлерін анықтайтын заманауи сот сараптамасы органдарының материалдық-техникалық жабдықталуы және сараптама мерзімін қысқарту жұмысы қаншалықты толық атқарылып жатыр?
Бесінші: Біз есірткімен күресті қаржы сауаты төмен, білімі жоқ, әлеуметтік жағдайы нашар "закладчиктермен" шектеліп отырмыз? Қоғам неге осы балаларға есірткі сатуға итермелеп отырған қылмыстық топтардың ұсталғанын естімейді. Бүгін біз мәселенің салдарымен күресіп жатырмыз, - дейді депутат.
"Осы орайда нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күреске бағытталған 5 жылдық кешенді жоспарда Ішкі істер, Әділет, Денсаулық сақтау, Ғылым және жоғары білім, Оқу-ағарту, Цифрлық даму министрліктері, Шекара қызметі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне нақты шараларды бекітіп, алдын алу, себептерін анықтау және салдарымен күресуге қатысты толықтыруларды бірлесіп енгізуді ұсынамын", - дейді Берденов.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина