Депутат Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болаттың адвокаттары апелляциялық шағым түсірді. Мұны Алматы соты растады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Апелляциялық шағым түсті. Іс материалдары іс жүргізу мерзіміне байланысты апелляциялық сотқа әлі жіберілген жоқ, - деп хабарлады Алматы сотының баспасөз қызметі.
Сот Нұрасыл Болаттың Медеу аудандық №2 сотының шешіміне қатысты шағымы алдыңғы аптада түскенін нақтылады.
Еске салайық, бұған дейін сот депутат Дәулет Тұрлыхановтың ұлына қатысты шешім шығарған еді.
2023 жылғы 11 ақпанда әскери қызметкер Нұрасыл Болат Алматыдағы түнгі клубтың жанында ерлі-зайыпты Анна мен Олег Черновтарды ұрып-соққан болатын.
Жақында мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың шартты мерзімде жүрген ұлы кезекті рет пробациялық бақылау тәртібін бұзғаны белгілі болды. Әлеуметтік желіде оның тойда жүргені түсірілген видео тарады. Оқиға 11 қазанда Алматыда болған.
Айта кетейік, бостандығын шектеу тәртібіне сай депутаттың баласына мұндай іс-шараларға баруға шектеу қойылған болатын.
Қылмыстық атқару жүйесі комитеті Нұрасыл Болат пробациялық бақылау талабын бұзғандықтан, оның жазасы бостандығын шектеуден, бостандығын айыруға ауыстырылуы мүмкін екенін хабарлады.
Ал журналистер оның әкесі, Мәжіліс депутатынан ұлының Алматыға тойға барғанын біле ме деген сұрақ қойды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!