Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова тоғызқұмалақ атауын тоғызат деп өзгертуді ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ол депутаттық сауалын премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға жолдады.
Оның айтуынша, биыл мемлекет басшысы елімізде өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойынын жоғары деңгейде сапалы өткізуді тапсырған.
"Сондықтан аса маңызды бір мәселені көтергім келеді. Тоғызқұмалақ зияткерлік ойыны түркі халықтарының ортақ игілігі, тарихи құндылығы мен ақыл-ой мәдениетінің көрсеткіші әрі ортақ жәдігері саналады. Бұл ойын соңғы жылдары дамудың барынша жоғары сатысына көтерілгенімен әлемдік деңгейде барынша орнығуына кейбір кедергілер бар. Соның бірі – тоғызқұмалақ спортының атауы", - деді Гүлдара Нұрымова.
Бүгінде бұл ойынды негізінен қазақ және қырғыз халқы ойнайды.
"Бүгінде оның негізгі 2 атауы орнығып отыр: қазақша – тоғызқұмалақ, қырғызша – тоғызкөргөл, ішінара түрікше – мангала/гечюрме. Қазақстан тарапы халықаралық жарыс өткізгенде, ойынның аты "тоғызқұмалақ" аталады да, Қырғызстан жағы жарыс ұйымдастырғанда, бұл ойын "тоғызкөргөл" болып шыға келеді. Осылайша, түркі халықтарының бір ойыны әлемдік аренада екі түрлі аталып келеді", - деді депутат.
Оның пікірінше, тоғызқұмалақ атауын өзгерту керек.
"Ғалымдар мен зерттеушілердің пікірі бойынша, бұл ойынның жалпытүркілік атауы бар, ол – тоғызат. Бұл туралы этнограф Григорий Загряжский еңбегінде ойынның атауы XIX ғасырда "тоғызат" деп жазғаны мәлім болып отыр.
Осылайша, тоғызқұмалақтың бұрынғы атауы "Тоғызат" екенін білдіретін Қарақалпақ және Қырғыз елдеріндегі ойындардың атауынан кездестіруге болады. Осы деректі ескеріп, алдағы V Дүниежүзілік көшпенділер ойынына дейін жалпытүркілік бұл зияткерлік спорттың атауын ортақ нұсқамен "Тоғызат" атауын қалыптастыру шараларын қолға алуды ұсынамыз", - деді Гүлдара Нұрымова.
Депутат Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясы, Ұлттық спорт қауымдастығы, Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының қатысуымен біріккен шешім қабылдауы керектігін атап өтті.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз