- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Депутат тағы бір...
Депутат тағы бір категория қызметкерлерінің жалақысын көтеруді ұсынды
Мәжіліс депутаты Нұрсұлтан Байтілесов бүгінде соттағы аудармашылардың жалақысы өте төмен екенін айтып, премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға депутаттық сауал жолдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Сот төрелігіне қол жеткізу құқығы – іргелі халықаралық стандарттардың бірі, әр азаматтың конституциялық құқығы. Конституцияға сәйкес әркім сот арқылы қорғалуына құқылы және сот алдында бәрі тең. Сот өндірісі бойынша кез келген азаматтың іс жүргізілетін тілді білмесе немесе жеткіліксіз меңгермеген жағдайда аудармашы қызметін тегін пайдалану құқығымен қамтамасыз етеді. Демек сот отырысындағы аудармашы сот процесінің қатысушысы болып саналады және істі қарау үшін маңызды ақпараттың дәлдігі аударманың сапасына тікелей байланысты", - деді Нұрсұлтан Байтілесов.
Оның айтуынша, қазір соттағы аудармашылардың жалақысы мардымсыз.
"Сот төрелігінің әділдігі, тараптардың теңдігі аудармашының кәсіби біліктілігіне байланысты болса, білікті маманды тарту оның өтемақысына тәуелді. Бүгінде азаматтық және әкімшілік істер бойынша аудармашыларға төлем Үкіметтің 1992 жылғы қаулысы негізінде жүргізіледі. Оған сәйкес 1 бетті аударғаны немесе 1 сағаттық жұмысы үшін 369 теңге төленеді. Егер процесс жарты сағатқа созылса, онда төлем осы соманың жартысын тең болады – 180 теңге.
Нарықта 1 парақ мәтіннің, 1 сағаттың аударма жұмысы 5 мың теңгеден жоғары бағаланады. Ал синхронды аударма құны 10 мың теңгеден басталады. Жақында өткен қоғамдық резонанс тудырған іс бойынша аударма қызметінің сапасы қандай екеніне куә болдық", - деді депутат.
Ол аудармашылар мардымсыз жалақыға сотта жұмыс істегісі келмейтінін атап өтті.
"Салдарынан сот процестері кешіктіріліп, хатшылар басқа аудармашыларды іздеп, оларға жалынуға тура келеді. Тіпті, жол шығындарын өтеуге жетпейтін қаражатпен еліміздің соттары азаматтарды аудармашымен қалай қамтамасыз етпек?
Көршілес елдерді алсақ, сот аудармашыларының бір сағаттық жұмыс ақысы 7500 теңгеден басталады. Бұл еліміздегі соттардағы аудармашылардың өтемақысынан 20 есе көп. Құзырлы орган ретінде Қазақстанның сот әкімшілігі бюджеттен қосымша қаражат талап етпестен, өз қаражаты есебінен аудармашылардың қолданыстағы өтемақы мөлшерін көтеруге бірнеше рет ұсыныс жасалды. Бірақ Үкімет тарапынан бұл мәселе қолдау таппай келеді", - деді депутат.
Нұрсұлтан Байтілесов аудармашылардың өтемақысын қайта қарау керек ұстанымда.
"Бұл соттарға білікті және тәжірибелі аудармашыларды тартуға мумкіндік береді. Тамара Босымбекқызы, аудармашылардың өтемақы мөлшерін нарықтық бағаға сәйкестендіріп қайта қарауды және мәселені бақылауыңызға алуды ұсынамыз", - деді ол.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
А. Есен