Сенат депутаты Ғалиасқар Сарыбаев су басқан өңірлердегі оқушыларды университетке тегін түсіруді сұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Депутаттық сауал премьер-министр Олжас Бектеновке жолданды.
Оның айтуынша, қазір төтенше жағдай жарияланған 41 елді мекеннен 117 мың 617 адам эвакуацияланған. Оның – 43 887-сі бала. 18 651 адам өз үйіне оралған.
Бүгінде 92 мың 34 адам туған-туысқандарының үйінде, 6 932 адам уақытша орналастыру пункттерінде. Оның – 3143-і бала.
"Өкінішке қарай, 8 білім беру объектісі су астында қалған. Су тасқынына байланысты еліміздің 11 облысында оқушылар 1 сәуірден бастап қашықтан оқуға көшті. Оқыту процесі су басу қаупі бар 56 мектепте, сондай-ақ уақытша қабылдау пункттерінде орналасқан 32 оқу орнында ұйымдастырылды.
Эвакуациялық пункттерде балаларға қажет барлық жағдай жасалған. Алайда туындаған төтенше жағдай биылғы мамыр-маусымда өтетін мемлекеттік білім гранттарын алу конкурсына қатысу үшін оқушылардың ҰБТ-ға дайындалуына кері әсерін тигізді", - деді Ғалиасқар Сарыбаев.
Сенатордың пікірінше, су тасқыны болған өңірлерде оқушылар ҰБТ-дан төмен балл жинауы мүмкін.
"Балаларды ҰБТ-ға дайындау саласындағы реттеуді мемлекеттік органдардың бірде-бірі іске асырмайды. Өйткені, бұл функциялар Оқу-ағарту министрлігінде де, Ғылым және жоғары білім министрлігінде де көзделмеген. Бұл ведомстволар үшін талапкерлер оқушылар емес, екіншісі үшін әлі студенттер емес. Осыған байланысты біз зардап шеккен аймақтардағы оқу бітірген түлектердің тағдырына алайдаймыз. Апатты табиғи жағдайға байланысты бұл балалардың ҰБТ-да төмен нәтиже алып, мемлекеттік білім беру гранттарына қол жеткізе қалмай қалуы сөзсіз", - деді депутат.
Оның пікірінше, су басқан облыстардағы оқушылар жоғары оқу орнында тегін оқуы керек.
Ғалиасқар Сарыбаев Үкіметке төмендегі ұсыныстарды жолдады:
Біріншіден, төтенше жағдайда әдетте оқу процесіне қатысты іс-қағаздардың, жеке басын куәландыратын құжаттардың жоғалуына әкеледі. Осыған байланысты уәкілетті министрліктер түлектердің құжаттарын тезірек қалпына келтіруге жәрдемдесуі қажет. Себебі оқудың бітуіне бар болғаны 38 күн қалды. Ал төтенше жағдайда қалған қанша бала оқуды бітіретіні әлі анықталмаған;
Екіншіден, су басқан аймақтарда ҰБТ өткізу пунктері де зардап шеккен болуы мүмкін. Ол да әлі қарастырылмаған. Тестілеудің екінші кезеңінің басында олардың қызметін қалпына келтіру жөнінде шаралар қабылдау қажет;
«Үшіншіден, екі бейінді министрлік қалыптасқан жағдайды назарға алып, түлектерді ҰБТ-ға даярлауға және олардың жоғары оқу орнына түсуіне жәрдемдесу жағын қарастырса, меншік иелігіне қарамастан әрбір ЖОО-ның басшылары жастарға деген қамқорлық ретінде ректор гранттарын тағайындағаны абзал;
Төртіншіден, әлеуметтік көмек көрсетудің үлгілік қағидасында табиғи зілзала немесе өрт салдарынан азаматқа, отбасына не мүлкіне залал келтірген жағдайда, азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу үшін негіздеме белгіленген. Осыған байланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, білім алушыларға әлеуметтік қолдау көрсеті бағдарламасы шеңберінде алдын ала қаражат қарастырып, халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан талапкерлерге қолдау көрсетуі керек;
Бесіншіден, талапкерге жоғарғы оқу орнына түсуі кезінде қажет медициналық тексеру тегін және бірінші кезекте берілгені дұрыс.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!