- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Депутат солтүстікке көшіп...
Депутат солтүстікке көшіп барғандардың несиесін 1 жылға шегеруді ұсынды
Солтүстікке көшіп барған қазақстандықтардың несиесін 1 жылға шегеру керек. Мұндай бастанамы сенатор Айгүл Қапбарова көтерді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ол депутаттық сауалын премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолдады.
"Былтыр 2023-2027 жылдарға арналған көші-қон саясаты тұжырымдамасы бекітілді. Қазақстанда осы уақытқа дейін халықтың ішкі көші-қон қатынасы әртүрлі бағдарламаның бір бөлігі ретінде қаралып, қағидала және ережемен реттеліп келеді.
Ішкі көші-қонды дамыту және ел аумағы бойынша халықтың біркелкі қоныстануы мәселелеріне бағытталған жеке бағдарлама жоқ. Бүгінгі таңда Қазақстандағы урбанизация деңгейі – 62 пайыз. Бұл көрсеткішке 2025 жылға қарай жету көзделген", - деді сенатор.
Айгүл Қапбарова ауылдан қалаға көшетін қазақстандықтардың саны азаймай отырғанын жеткізді.
"Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, қала халқының үлесі – 62 пайыз, ауыл халқының үлесі – 38 пайыз. Соңғы 5 жылда қала халқы 17 пайыз өсіп, ауыл халқы 2,3 пайыз зайды. Қала халқы көп жағдайда табиғи процеспен емес, депресивті ауылдардың есебінен өсіп жатыр.
Барлық қала мен қалаға жақын орналасқан аудандар үшін үлкен мәселе – тіркелген және нақты тұратын тұрғындар санының сәйкес келмеуі. Мәселен тұрғындар қалада тіркелгенімен іс жүзінде қала маңында тұрады. Көптеген әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелерді қаржыландыру ең алдымен халықтың нақты есебінен қалыптасатыны белгілі", - деді ол.
Депутаттың пікірінше, қала халқының санын нақты білу әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға септігін тигізеді.
"Мектептер, емханалар немесе орталықтандырылған жылумен, сумен жабдықтауға қосылуға қаражат сұрату үшін экономикалық негіздеме және халықтың нақты саны қажет. Осыған байланысты Ұлттық статистика бюросы нақты тұрғылықты жері бойынша халықтың ағымдағы санын есепке алу әдістемесіне көшуді қарқынды жүргізуі керек. Әсіресе, бұл қалалардағы халықтың нақты санын айқындауға мүмкіндік береді", - деді Айгүл Қапбарова.
Сондай-ақ сенатор ішкі көші-қондағы тағы бір өзекті мәселеге тоқталды.
"Бұл – жұмыс күші тапшы солтүстік және шығыс өңірлерге қоныс аудару процесі. 2023 жылдың екінші жарты жылдығынан бастап, экономикалық ұтқырлық сертификатын ұсынудың жаңа тетігі іске қосылды. Ол қоныс аударушыларға тұрғын үй құнының 50 пайыз мөлшерінде (4 млн теңге) қаржылай көмек көрсетуді көздейді.
Экономикалық ұтқырлық сертификатын қандастар мен қоныс аударушылар тұрғын үй сатып алуға немесе тұрғызуға бастапқы жарна ретінде пайдаланады. Алайда тұрғын үй алуға қаржылық көмек беретін осы сертификат қаражаттың жеткіліксіздігіне байланысты бірқатар өңірде көшіп келушілерге түгел берілмей отыр", - деді депутат.
Қапбарова көші-қон саясатын тиімді жүргіз үшін төмендегі мәселерді шешуді ұсынды:
- Елдің солтүстік өңірлеріне қоныс аударушылар үшін яғни шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін мемлекет меншігіндегі пайдаланылмайтын жер учаскелерін беру мақсатында Жер кодексіне түзетулер енгізу туралы мәселені қарастыру;
- Елдің солтүстік өңірлеріне қоныс аударушылардың несиесіне 12 ай аралығына дейін кредиттік каникул беру;
- Ел ішінде жұмыс күші тапшылығы бар өңірлерге азаматтарды қоныс аударуды ынталандыру мақсатында тиісті бейімдеу және интеграциялау орталықтарын құру.
- Экономикалық ұтқырлық сертификатының мөлшерін қала мен елдімекендегі тұрғын үйлердің нарықтағы баға айырмашылығын ескере отырып белгілеу. Мысалы, Петропавл қаласында 2 бөлмелі пәтердің нарықтағы орташа бағасы – 12 млн теңгеден жоғары;
- Сондай-ақ сертификаттарды беру мерзімін қоныс аударушылар квотасына енгізілген сәттен бастап 12 айға дейін ұзарту мүмкіндігін қарастыру;
Шекара маңы, халық саны аз аумақтарда жұмыс істейтін кәсіпкерлер үшін салықтық жеңілдіктер мен преференцияларды қолдану мүмкіндігін қарастыру. Шекара маңы өңірлерінде еңбек өтілін есептеу коэффициентін жоғарылатуды енгізу мәселесін зерделеу керек. Бұл еңбекке қабілетті азаматтардың қосымша ағынын тартады.
Солтүстік өңірлерде жылыту маусымы 9 айға созылатындықтан қоныс аударушыларға отын мен көмірді сатып алуға жылына бір рет республикалық бюджеттен 35 АЕК (120 750 теңге, 1 АЕК – 3450 теңге) деңгейінде біржолғы төлемді қарастыру.
Өңірлерде жалға берілетін және коммуналдық тұрғын үй қорының үйлерін келешегі жоқ деп танылған ауылдардың тұрғындарына, сондай-ақ баспана кезегінде тұрған азаматтарға беру туралы қағидаларға өзгерістер енгізу.
Аяз Есен
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz