Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай кейінгі кезде шығыс медицинасына алданып қалып жатқандардың қарасы көп екенін жеткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ол денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға депутаттық сауал жолдады. Депутаттың сөзінше, Астана қаласынан және басқа да өңірлерден "Шығыс медицинасы", "қытай медицинасы", "иглотерапия", "мануалды терапия" атауымен қызмет көрсететін орталықтарға қатысты азаматтардың шағымы түсіп жатыр.
"Шағымдарда лицензиясыз немесе тиісті біліктіліксіз медициналық қызмет көрсету, инвазив рәсімдердің санитария талаптарын сақтамай жүргізілуі, тіркелмеген препараттар қолданылуы, сондай-ақ, ауыр диагноздарды "емдеуге" уәде беріп, халықты жаңылыстыратын жарнама деректері көрсетіледі. Кейбір орталықтар қысқа мерзімге ашылып, атауын немесе мекенжайын өзгертіп, бақылаудан жалтарып жатады. Әсіресе тегі-тамыры белгісіз, өзін білікті дәрігер ретінде жарнамалаған Қытай Халық Республикасының азаматтары төрт-бес ай халықты емдеген болып сеніміне кіріп, артынша емдеу орталығын жауып, "аңқау елге арамза емші" дегендей қалтасын қампайтып алып, кетіп қалатындар да кездеседі", - деді депутат.
Оның пікірінше, бұл жағдайлар науқастардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіріп, денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімді әлсіретеді.
"Негізгі қауіп - науқас қауіпсіздігі: антисанитария, стерильділік стандарттары бұзылуы, медициналық қалдықтарды дұрыс жоймау және инвазив рәсімдерді қауіпсіздік хаттамаларынсыз жүргізу туралы сигналдар жиілеген", - деді ол.
Аманжол Әлтай бұл жағдайға байланысты тексеріс пен бақылауды күшейтуді сұрады.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова