Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдерінің диалог платформасында сөз сөйледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаев бір палаталы жаңа Парламентте Президент квотасы болмайтынын мәлімдеді.
"Мен биылғы жолдауымда бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтердім. Бұл осыған дейінгі саяси өзгерістердің заңды жалғасы деуге болады. Біз "Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет" қағидатын орнықтыра түсеміз, яғни еліміз Президенттік Республика болып қала береді. Жаңа бастама қоғамда қызу талқыланып жатыр. Парламенттің құрылымына қатысты көптеген ұсыныс түсіп жатыр. Мысалы депутаттардың саны халық санына сәйкес, яғни пропорционалды болуға тиіс деген ойлар айтылып жатыр. Мұндай ұстаныммен қарайтын болсақ, олардың саны 200 адамға жетеді. Қазір қос палатада 148 депутат бар", - деді Президент.
Президенттің сөзінше, Парламенттік реформа екі палатаны жай біріктіре салу деген сөз емес.
"Меніңше, депутат санын тым көбейтудің қажеті жоқ. Керісінше, оңтайландыру керек, Парламенттің жұмысын жетілдіру қажет. Мысалы, бір палаталы жаңа Парламентте Президент квотасы болмайды. Барлық депутат бірдей тәртіппен сайлануы қажет. Бұл – алдағы Парламенттік реформа аясында жасалатын аса маңызды қадам. Мұны жақсы ұғынып, жұртшылыққа кеңінен түсіндіру қажет", - деді Тоқаев.

Еске салайық, бұған дейін Президент бір палаталы Парламент құру бастамасын көтерді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова