Депутат: “Президентке артық өкілет берілетіндей жаңа норма қосылған жоқ“

Депутат: “Президентке артық өкілет берілетіндей жаңа норма қосылған жоқ“
Фото: gov.kz

Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай Жаңа Ата заңның қазақ тіліндегі нұсқасы толықтай қайта жазылғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Депутат қоғамда қызу пікірталас жүріп жатқанын, кейбір баптарға қатысты сын да айтылып жатқанын жеткізді.

"Бұл - қалыпты әрі қажет процесс. Өйткені Конституция - әрқайсымыздың тағдырымызға, болашағымызға тікелей әсер ететін негізгі құжат. Алайда біздің айтқандарымыз көбіне екі-үш тармақтың төңірегінен аспай жатқандай әсер қалдырады. Ал шын мәнінде, жаңа Конституция - 320 тармақтан, 95 баптан тұратын ауқымды құжат", - деді ол.

Депутаттың пікірінше, бұл бағытта өте үлкен жұмыс атқарылған.

"Реформа жөніндегі комиссия мүшелері кімдер, олардың біліктілігі қандай?" деген пікірлер де аз айтылған жоқ. Мәселен 1995 жылы жазылған қолданыстағы Конституцияны Ю.Басин, В.Ким, А.Котов, Мұхамеджанов бастаған небәрі 12 адам ғана жазып шыққан. Оның үшеуі шетелдік сарапшылар еді. Ал бұл жолы Конституция жобасын 130-дан аса өз азаматымыз әзірледі", - деді ол.

Мақсат Толықбайдың айтуынша, Ата заңның тілі де жөнге келтірілген, ал қолданыстағы Конституцияның қазақша мәтінінде бірізділік жоқ, баптары шұбалаңқы, күрделі.

"Оны қарапайым халық түгілі, заңгерлердің өзі әрең түсінетін. Жаңа Ата заңның қазақ тіліндегі нұсқасы толықтай қайта жазылды. Ең бастысы бұл Конституцияда тарихы бар ел екенімізді, Қазақ мемлекетінің Ұлы Дала төсіндегі сан ғасырлық мемлекеттілік сабақтастығын шегелеп тұрып көрсеттік. Қазіргі Конституцияда тарих туралы бір ауыз сөз жоқ", - деді ол.

Депутат қоғамда көтерілген кейбір түйткілді мәселелерге тоқталды.

"Кейінгі кезде "жекелеген аумақтарға конституциялық мәртебе беріледі" деген тақырып манипуляцияға айналып кетті. Қайталап айтамын, жаңа Ата заңның кіріспесінде де, 2-бабында да Қазақстанның аумағы мен шекарасының тұтастығы өзгермейтіні тайға таңба басқандай жазылған. Яғни елдің аумақтық тұтастығы - ешқашан мәселе ретінде талқыланбайды деген сөз. Сондай-ақ, бәз біреулер айтқандай,  "Президентке қосымша артық өкілет берілетіндей" жаңа норма қосылған жоқ. Президент жеті жылға бір-ақ рет сайланады, жақын туыстары саяси және басқару лауазымдарын атқара алмайды. Бұрынғы норма өзгеріссіз қалды", - деді ол.

Сонымен қатар, цифрлық қауіпсіздік мәселесіне де алғаш рет конституциялық деңгейде мән берілген.

"Бүгінде интернет алаяқтықтан зардап шегіп жатқан азамат өте көп. Цифрлық дерек - біздің жеке мүлкіміз. 1995 жылғы Конституцияда "цифрлық қауіпсіздік" деген бірде-бір тіркес жоқ. Жаңа редакцияда азаматтардың цифрлық кеңістіктегі жеке өмірін қорғау туралы бап алғаш рет Ата заңда көрініс тапты", - деді депутат.

Мақсат Толықбайдың айтуынша, "неке" ұғымы да нақты айқындалған, бір жынысты некені мемлекет мойындамайды.

"Халықтық кеңеске қатысты да алып-қашпа әңгіме көп. Ол Парламентке балама емес, бәсекелес орган да емес. Халықтық кеңес ұсыныстарды жүйелеп, Құрылтайға заң жобаларын ұсынады, референдум бастамасын көтере алады. Ал Құрылтай түпкілікті шешім қабылдап, саяси жауапкершілікті өз мойнына алады. Болашақ Парламенттегі депутаттардың  санына қатысты да әртүрлі пікір бар. Дегенмен жұмысы тобының "145 депутат болуы қажет" деген шешімі бүгінгі саяси ахуалға да, тіпті қоғамның сұранысына да сай", - деді ол.

Оның сөзінше, Конституциялық құрылымы, жер көлемі, халық саны әлдеқайда кіші Еуропа елдерінің көбінде депутат саны едәуір көп.

"Мысалы 10 миллион халқы бар Португалияда 230 депутат, Швецияда 349 депутат, ал небәрі 3 миллион тұрғыны бар Литвада 140 депутат. Еуропада депутаттар санын шамамен әрбір 25 мың адамға бір парламентарий болуы керек деп есептейді. Сондықтан Қазақстанның болашақ Құрылтайы еуропалық стандарттармен салыстырғанда 5 есе аз ықшамдалған Парламент болады", - деп түсіндірді ол.

Еске салайық, бұған дейін Конституциялық комиссия жаңа Конституцияның бірінші жобасын жариялады.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget