- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Депутат өртсөндірушілердің әлеуметтік...
Депутат өртсөндірушілердің әлеуметтік жағдайына қынжылды
Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев еліміздегі өртсөндірушілердің әлеуметтік жағдайын мәз емес екенін айтып қынжылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мәжілістегі Үкімет сағатында орман өртінің алдын алу мәселесі талқыланды. Бұған дейін депутаттарға арнайы көрме ұйымдастырылды. Онда өрт сөндіруге арналған жаңа құрал-жабдықтар қойылды.
Дәулет Мұқаев көрмедегі жаңа құралдарды өртсөндірушілер пайдаланбайтынын айтты.
"Жаңа бір күшті көрме болды. Оның суреттерін әлеуметтік желіге салғанда көптеген адам жазды. Тіпті, өртсөндірушілердің өзі төтенше жағдайда бұл құралдарды көрмедік деп айтып жатыр. Өйткені, олар ауылға да, ауданға да жетпеген", - деді ол.
Депутат бүгінде өртсөндірушілерге жұмыс істеуге жағдай жасалмағанын айтып, маңызды мәселені көтерді.
"Біріншіден, мені бір қынжылтатын мәселе бар. Қостанай облысында және Семейде орман өрті болғанда біз халықтан қайырымдылық қорына 4 млн теңгеге жуық ақша жинадық. Бұл қаржыға өртсөндірушілерге майка, берцы, тіпті, тамаққа дейін сатып алған жағдайлар болды. Шұлық та сатып алдық. Білмеймін, қаржы министрлігіне бюджеттен қаржы бөлінеді ғой.
Ондағы өртсөндірушілер өртті сөндірді. Жер деген ыстық болды. Тіпті, берцыдың өзі ыстық шыдамай еріп кетті. Мұндай жағдайда аяқ-киім, арнайы киім сатып алуға қаржы неге қарастырылмаған?", - деді Дәулет Мұқаев.
Сондай-ақ ол саладағы өзекті мәселені айтқандар қысымға ұшырайтынын жеткізді.
"Екіншіден, маған өртсөндірушілердің мектептің еденінде жатқан суреттері түсті. Мен оны әлеуметтік желіге салғанда "Өшіріңізші, өшіріңізші" деді. Суретті маған өртсөндірушінің әйелі жіберген еді. Ол күйеуінің жұмыста қыспаққа алынып жатқанын айтты. Елімізде неге шындықты айтатын адамдар қыспаққа түсуі керек? Өлім мен өмірдің арасында жүрген жандардан көп түсетін сұрақтардың бірі – тұрғын үй төлемі мен айлық мәселесіне қатысты. Білесіздер, оларға ешқандай төлем жоқ. Осындай байлығы бар елде (өртсөндірушілерге) майка, берцы, шұлық алып беру – нонсенс", - деді депутат.
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев мәселені бақылауға алғанын, бюджеттен қаржы бөлінгенін атап өтті.
"2024 жылы орман саласындағы қызметкерлерге 4405 дана өртке қарсы киім алу керек деп бекітілді. Бүгінде 918 млн теңге бөлінді. Нәтижесінде біз тек 2 мың дана арнайы киімді сатып алдық. Себебі, конкурстың көптеген қиындығына байланысты 510 млн теңгені ғана игердік. Қалған қаржыны қайтардық. Көктемде қалған 2400 арнайы киімді сатып аламыз.
Әрине, осы уақытқа дейін біз (өртке қарсы киімге) талай рет ақша керек деп сұраныс бердік. Дегенмен осындай жағдай болғанда ғана мәселеге назар аудардық, шынын айту керек. Бірақ 1-2 жылда бәрін арнайы киіммен қамтамасыз етеміз. Тұрғын үй төлемі біздің өртсөндірушілерге қарастырылмаған. Бірақ оларға арнайы паек бөлінеді", - деді ведомство басшысы.
Аяз Есен
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Massaget.kz