Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев қазақстандықтардың әлі ескі көлікпен жүргеніне ашынып, премьер-министр Әлихан Смайыловқа сауал жолдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстандағы автокөліктер адам тасудан әуелде ада болуы керек. Себебі, олар әбден тозған. Мысалы, қазір Қазақстанда 4 млн жеңіл автокөлік, 454 мың жүк көлігі мен 95 мың автобус бар. Стандартқа салсақ, темір тұлпардың талқаны шықпай жүріп беретін уақыты ең көп дегенде – 10 жыл.
Алайда елімізде тіркелген жеңіл автокөліктердің 49 пайызының зауыттан шыққанына 20 жылдан асқан, 21 пайызына 10 жыл толған. Жаңа деп саналатын 3 жылға дейінгі жеңіл автокөліктердің үлесі елімізде 6 пайыз ғана екен. Осыдан-ақ Қазақстандағы автопарктің мүшкіл жағдайын білуге болады", - деді Нартай Сәрсенғалиев.
Оның айтуынша, еліміздегі 4 млн жеңіл автокөліктің тең жартысы тозған.
"Мысалы, олардың тас жолға табаны тигеніне 20 жыл толған болса, одан қандай күй сұраймыз? Үйсіз, күйсіз жүрген азаматтарымыздың ең болмағанда дұрыс көлік мінгісі-ақ келеді. Бірақ оған ақылға сыймайтын кедергілер қойылған. Себеп, Қазақстанға шетелден автокөлік әкелу үшін бірнеше төлем жасау керек", - деді депутат.
Ол Қазақстанда неге көлік қымбат екеніне тоқталды
"Біріншіден, көлік бағасының 12 пайызын құрайтын қосымша құн салығын төлеу керек. Екіншіден, автокөлік бағасының 15 пайызына тең мемлекеттік баж төлеу қажет. Үшіншіден, сәйкестендіру сертификатын төлеу керек. Яки, шетелден қандай автокөлік әкелсеңде олардың Қазақстандағы диллерлерінен сертификат алу шарт. Оның құны 60 мың теңгеден – 140 мың теңгеге дейін. Төртіншіден, кедендік алым төлеу керек, шамамен 20700 теңге. Бесіншіден, автокөліктің қозғалқышының көлеміне қарай утилалым төлеу шарт. Ол 258 750 теңгеден басталып қымбаттай береді. Қозғалтқыш көлемі 3-тен асса 1 млн 983 мың 750 теңге төлеу керек. Оған қоса шамамен 350 мың теңге акциз төлеу керек.
Сонымен қатар көліктің шығарылған жылына қарай төлем бар. Оны "Первичка" дейді. Егер Қазақстанға әкелінген көліктің шығарылғанына 3 жылдан асса тағы 1,8 млн теңге төлеу керек. Оған СВХ мен порттың және брокерлердің ақшасын қосыңыз. Осынша міндетті төлемнің салдарынан шетелдегі сапалы автокөлікті Қазақстан азаматтары әкеліп міне алмайды", - деді Нартай Сәрсенғалиев.
Депутаттың пікірінше, мұндағы басты проблема – кедендік сетка.
"Мына құжатта Қазақстанға кіретін барлық автокөліктің ең төменгі бағасы белгіленген. Бір ғана мысал, Қазақстандағы су жаңа Хюндай Элантраның құны ресми сайтта 11 млн теңгеден басталады. Ал шетелде сол автокөлікті кемінде екі есе арзанға алуға болады. Бірақ кедендік сеткада аталған көліктің бағасы 13800 доллар деп бекітілген. Сіз оны шетелден 10000 долларға сатып алсаңызда Қазақстанға тек 13800 доллар деген бағамен кіреді. Барлық салықтық және міндетті төлемдер осы бағадан есептеледі.
Ең сорақысы, таусылмайтын төлемнен арылу үшін шетелден алған автокөліктерін алдымен Қырғызстанға әкеліп тіркейді. Ол жақтағы төлем бізден 2 есе аз. Сосын Қазақстанға кіргізеді. Осылайша, біз өз қолымызбен өзге елдің бюджетіне қаржы құйып отырмыз. 2023 жылдың қаңтары мен сәуірі аралығында Қырғыз еліне 41 мың автокөлік кірген. Кейін соның біраз бөлігі біздің елге өткен делінеді ашық дерекөзде. Осылайша, Қазақстан азаматтарын жақсы көлік міну құқығынан қағып және қазынаға түсуге тиіс қыруар қаражаттан да қағылып отыр", - деді ол.
Нартай Сәрсенғалиев бұл мәселеге қатысты қазақстандықтардың 3 талабын айтты:
Аяз Есен
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!