Депутат Нартай Аралбайұлы: “Үкімет легионерлерге 1 тиын бермейтін заңды қолдады“

Депутат Нартай Аралбайұлы: “Үкімет легионерлерге 1 тиын бермейтін заңды қолдады“
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы әлеуметтік желідегі парақшасында халықтан сүйінші сұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Дегенімізге жеттік! Легионерлерге 1 тиын бермейтін Заңдық нормамды Үкімет қолдады", - деп жазды ол жақсы жаңалығын бөлісіп. 

Депутаттың айтуынша, адам естімеген спорт түрлеріне ақша беріп келген министрліктің шешімі де тоқтатылды. 180 спорт түрі қысқартылады. Тиісті норманы Үкімет қолдаған екен. 

"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері бойынша
өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңының 49-бабы:

бірінші бөлігі: "Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын спортшыларды бюджет қаражаты есебінен  қаржыландыруды жүзеге асыруға тыйым салынады";
 
екінші бөлігі: "Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын спортшыларды квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қаражаты есебінен қаржыландыруға жол берілмейді" - деп жазылды.

Мәжіліс депутаты жазбасы арқылы өзіне қолдау көрсеткен халыққа алғысын жеткізді. Жазба арқылы заң тармақтарын бөлісіп, оны халыққа түсіндіргісі келетінін білдірді. 

"49-бап. Дене шынықтыру мен спортты қаржыландыру көздерінің 6-тармағы мынадай мазмұнда жазылады: "Бюджет қаражаты есебінен қаржыландыру мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылады:
1) жоғары жетістіктер спорты, оның ішінде спорттың басым түрлері;
2) мемлекеттік спорт ұйымдарының жұмыс істеуі;
3) бұқаралық спорт;
4) спорттық инфрақұрылымды дамыту", - деп жазды ол. 

Айта кетейік, жақында "Барыс" хоккей клубы барлық легионерлермен қош айтысқан болатын. 

Еске салайық, биыл мамыр айының соңында депутат Нартай Аралбайұлы мен Ринат Зайытов мәжілісте ашуға мінген еді. Олардың не себепті наразы болғанын сайтымыздың видеоматериалынан біле аласыз. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Д. Ибраева