- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Депутат министрлерге қыста...
Депутат министрлерге қыста жылусыз қалған халықпен кездесуге кеңес берді
Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров қақаған қыста жылусыз қалған тұрғындардың мәселесін көтерді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ол депутаттық сауалын Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жолдады.
"Бірінші аяздың түсуімен еліміздің коммуналдық инфрақұрылымының сыр бере бастауы дәстүрге айналып отыр. Рас, Қазақстан бойынша тозығы жеткен жылу орталықтары мен инфрақұрылымы 80 пайыздан асып кетті. Ал олардың басым бөлігін біз 50 жылдан астам уақыт пайдаланып келеміз. Бұл – қауіпті жағдай", - деді Ерлан Саиров.
Оның пікірінше, былтыр Екібастұз, Риддер, Балқаш, Көкшетау, Қарағанды, Теміртау, Петропавл қалаларында болған апаттар – қордаланған мәселенің айқын көрінісі.
"Бұл тізімге Сарань қаласы да қосылды. Техногендік қауіп-қатердің географиясы геометриялық прогрессиямен өсіп барады. Осыған қарамастан, біз жылына салада тек 5-7 пайызға ғана жаңарып отырмыз. Тіпті, бұл еліміздегі ескіру процесінің орнын толтырмайды. Бұлай жалғаса берсе, жылу энергетикасындағы коллапс орнауы бек мүмкін.
Бәріміз шіріген труба, ескірген қазандық, кеңестік заманнан қалған насостарды ауыстыратын уақыт өтіп кеткенін білеміз. Былтыр жылу саласындағы инфрақұрылымның тозуын азайту үшін арнайы 160 миллиард қаржы бөлінсе де, шықырлаған аязға төтеп бере алар емеспіз", - деді депутат.
Жыл басында Парламентте Жоғарғы аудиторлық палатасының "Жылумен жабдықтау саласы" бойынша қорытынды есебінде 100-ден аса нақты ұсыныс пен жүйелі сын айтылған. Олар ұсыныс ретінде берілген. Алайда Ерлан Саиров Үкіметтен бұл ұсыныстар бойынша не жауап, не атқарылған істі көрмеген.
"Сондықтан бұл саладағы менеджмент пен бақылауды маңызды. Өткен жылы AMANAT партиясы өкілдері Екібастұз халқына мыңдаған үй жылытқыш пен жылы көрпе тасып, халықты жылытқанын білесіздер. Биыл осындай жағдайды қайталатуға Үкіметтің еш хақысы жоқ. Олигархтар протекцияны пайдаланып, өздері пайдаға кенеліп, шығынды мемлекет пен халыққа ысырып тастаудың дәстүрін жалғастыру әрекеттерін қойған жоқ. Осыған балта шабу керек", - деді ол.
Депутат бұл мәселеге өз ұсыныстарын айтты:
- Жауапты министрлер жылы кабинеттерінен шығып, барлық жиналысын қысқартып, жылу орталықтарының басы-қасында осы аязды күндері жүруі керек.
- Министрлер, қиын-қыстау кезеңде кабинеттен шығып, халық арасында болыңыздар.
- 2022-2023 жылдары Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен бөлінген қаражаттардың есебіне қатаң анализ жасалуға тиіс. Бұл саладағы әрбір жемқор қатаң жазалануға тиіс.
- Осы күндері өңірлердегі оперативті штабтардың жұмысын "екі еселенген 24/7 режиміне" көшіру қажет.
- Әкімдіктер мен Үкімет осы саладағы өңірлік қауіпті зоналар бойынша "Тәуекелдер картасын" даярлап, олар бойынша нақты мақсаттық алгоритм жоспарын даярлап қоюға тиіс.
Аяз Есен
Тағы да оқи отырыңыздар: Азық-түліктер тез бұзылмау үшін қалай сақтау керек?
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Б. Жұмаділлә