- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Депутат мән-мағынасыз медальдар...
Депутат мән-мағынасыз медальдар мен атақтар қаншадан сатылып жүргенін айтты
Депутат Аманжол Әлтай мән-мағынасы жоқ орден-медальдары, жалған атақтар қаптап кеткенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мәжіліс депутаты мұндай үрдіс ешкімге де абырой әпермейді, керісінше адамды даңғойлыққа, жеңіл атаққұмарлыққа итермелейтінін айтады.
"Тіпті жеке адамдардың тойларында да жалған атақтар мен құнсыз сөлкебайларды жыртыс таратқандай үлестіріп жататын келеңсіз көріністерге көңілің құлазиды. Тағы да сол Абай жарықтықтың: Бетті бастым, қатты састым, тұра қаштыс жалама-жан - деп күйінетіні осындайдан гой! Мысалы, сіз 50 мың теңгеге пысықай ұйымның атынан "Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері" медаліне, ал 100 мың теңгеге "Қазақстанның құрметті азаматы" атағына ие боласыз.
Сан ғасырлық елдік тарихымызда "Ұлт ұстазы" деп халық ұсынған сәулелі сөзді қастерлеп Ахмет Байтұрсынұлына ғана қолданатын едік, қазір "Ұлт ұстазы" деген атақты бар болғаны 10 мың теңгеге сатып ала саласыз. Академик дегенде көз алдымызға Қаныш Сәтбаев секілді ғұлама ғалымдар елестеуші еді, қазір 200 мың теге беріп қаптаған түсініксіз академиялардың жалған академикгі бола саласыз", - дейді депутат.
Аманжол Әлтай бұл - құрметтеу емес қорлау, жұртты алаөкпе қылатын,өте қауіпті әрі қоғамды бүлдіретін үрдіс екенін атап өтті.
"Осы ретте, әділетті келешекке қадам басқымыз келсе, сатылатын мәнсіз марапаттардан қоғамды сақтандыру маңызды. Мемлекеттік рәміздерімізді ретсіз қолданып, жалған атақтар мен құнсыз сөлкебайларды сатып пайда тапқыш пысықайлардың әрекеттеріне құқықтық негізде тыйым салу керек. Бұл бір. Екіншіден, рәміздер мәселесінде әлі де ойластыруды, ортақ шешімге келуді қажет ететін түйткілдер бар. Біздегі түйткілдердің бір ұшы атауға байланысты. Геральдика – гербтер мен оларды қолдану дәстүрлерін ғана зерттейтін арнайы тарихи пән.
Яғни геральдиканың нысаны – тек қана гербтер. Ал, рәмізтану - бұдан кең ауқымдағы зерттеулерді қажет ететін сала. Сондықтан бұл жұмыстармен айналысатын мекемені "Геральдикалық зерттеу орталығы" деп емес, "Ұлттық рәмізтану орталығы" деп аталғаны жөн. Өйткені, рәмізтану нысанында мемлекеттік рәміздермен қатар, ертедегі символдық таңбалардан бастап, ою-өрнектер тіліне дейін қамтылады және олардың рәміздік мән-мағыналары ашылады", - дейді депутат.
Аманжол Әлтай жоғарыда айтылған ойлардың түйіні ретінде бірнеше ұсыныс жасады:
- Мемлекет басшысы Қасым - Жомарт Кемелұлының Ұлттық құрылтайда айтқан тапсырмасынан нәтиже шығарып, аймақтар мен қалалардың таңбасын әлемдік стандарттар негізінде бірыңғай үлгіге икемдеп әзірлеу және бекіту тәртібін ретке келтірген жөн.
- Қазіргі Геральдикалық зерттеу орталығының атауын "Ұлттық рәмізтану орталығы" деп өзгерту мәселесі қарастырылсын.
- Рәміздерді ғылыми тұрғыда зерттеп, жүйелеу ісіне рәмізтанушылармен қатар, тарих, археология, этнография салаларының мамандарын да кеңінен тарту қажет.
- Мемлекеттік рәміздер арқылы қоғамда патриоттық сезімді орнықтыру үшін балабақшадан бастап, мектеп, колледж, ЖОО-да рәмізтану бойынша арнаулы тәрбиелік іс-шаралар жоспарлы түрде жүйелі өтуге тиіс.
- Мемлекеттік рәміздердің элементтерін, мемлекеттік наградалардың және атақтардың атауын қайталалайтын әрекеттерге құқықтық тосқауыл қою керек.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина