Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін еден жуушы, плотник, сантехник, аула тазалаушы мен электрик сынды жұмысшылардың жалақысын екі есе көбейтуді ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ол депутаттық сауалын Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға жолдады.
"Жыл сайын азаматтық қызметшілердің жалақысы кішігірім өсіп келеді. Өкініштісі бюджеттік мекемелердегі еден жуушы, аула тазалаушы, сантехник, плотник, электрик секілді қарапайым еңбек адамдары азаматтық қызметшілер реестірінде болмауынан Үкімет тарапынан азаматтық қызметкердің айлығы өскенде, осы еңбегі ауыр жұмысшылардың мүддесі ескерілмей келеді", - деді Жұлдыз Сүлейменова.
Депутаттың айтуынша, бүгінде бұл жұмысшылардың жалақысы төмен.
"Денсаулық сақтау, оқу-ағарту саласындағы ең ауыр жұмыстарды істейтін жұмысшылардың айлық жалақысы төмен. Мысалы, мектептердегі еден жуушы 82 856 теңге, электрик 81 575 теңге, аула сыпырушы 79 317 теңге алады. Бүгінде тек орта білім саласында 261 мыңнан аса осы санаттағы жұмысшылар бар. Оның ішінде 254 мың адам алатын айлық жалақысы 74 мың теңгеден 85 мың теңге аралығында. Біз, өңірлерді аралағанда бюджеттік еңбек ұжымдарының барлығында дерлік осы сұрақ көтерілді", - деді ол.
Жұлдыз Сүлейменова қарапайым жұмысшылардың жалақысын көтеретін уақыт келді деп санайды.
"Бюджеттік мекемелеріндегі орта және кіші буын мамандары мен қызметшілердің еңбекақысын кемінде екі есеге көтеру қажет деп санаймыз. Атқаратын жұмысының күрделілігіне және ауырлығына әрі ерекшелігіне қарай лайықты жалақы тағайындалуы тиіс деп есептейміз. Әлеуметтік әділдік заманында жұмысы ауыр, еңбегі адал жұмысшылардың жалақысы артуы қажет", - деді депутат.
Ол мәселені шешу үшін өз ұсыныстарын айтты:
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!